Бас тақырыпЖаңалықтар

Білім шамшырағын бірге жағайық!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірлеу қажеттігін алға тартқан еді. Нәтижесінде, елімізде педагогтің құқықтық мәртебесін сапалы жақсартуға, оның әлеуметтік-экономикалық қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қолға алынуда.

Биылғы маусымда бекиді деп болжам жасалған заң жобасы – уақыт талабы. Еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері Қазақстанда ұзын-сонары 11 білім министрі ауысып үлгерді. Жиырма жеті жылда – он бір министр! Еліміздегі білім сапасын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Жасыратын несі бар, әр министр өзіндік жаңашылдығын да қоса ала келді. Бірақ, жаңашылдықтың барлығы білім һәм ғылым саласын жетілдіріп тастады деуге ауыз бармайды. Әйтпегенде, оқулықтарда – олқылық, ұстаздарда – қызметінен тыс жауапкершілік болар ма еді дейсің? Айлығы шайлығына жетпейтін, қағазбастылығы бітпейтін бірнеше жылғы «бірізділіктің» де шегі бар. Оның өзін «байқауымызға» Мемлекет басшысы қозғау болды. Әйтпегенде, Көшбасшы «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп қадап айтпаған болар еді. Елбасы сөзі елеусіз қалсын ба? Ақыры, тоң – жібіді, сең – қозғалды. Білім және ғылым министрлігі жедел «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын қолға алуға ден қойды.

«Бірде атауы белгісіз аудан басшысы мұғалімдерді жинап, жалақыларын 50 пайызға қысқартатынын айтады. Ұстаздар – үнсіз. Ертесінде мүлдем жалақы төленбейтінін хабардар етеді. Ұстаздар тағы үнсіз. «Ендеше, ертең барлығыңды дарға асамын», депті. Ешкім үндемейді. Тек бір адам қолын көтеріп, орнынан тұрады. Аудан басшысы «ең болмаса, бір адам наразылығын білдіретін болды ғой» деп қуануы мұң екен, әлгі ұстаз «дарға асатын жіпті өзіміз әкелеміз бе, әлде өзіңіз бересіз бе?» деген екен». Ұстаздар момындығы, көнбістігі мен шыдамдылығы тұрғысында осы тектес әзіл-оспақтар ел ішінде аз емес. Ащы сарказм! Күлесің бе, жылайсың ба?

Жоқ, ұстаздар Үкімет тарапынан мүлде қараусыз демейік. Осы күні педагог мәртебесі ҚР «Білім туралы» Заңымен, Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысымен, өзге де бұйрықтар және құқықтық актілермен реттелуде. Десе де, нормативтік құқықтық базаның болуына қарамастан, педагог мәртебесі заңнама деңгейінде жеткілікті түрде реттелген деуге келмес. Соның салдарынан ұстаздарға міндеттен тыс жұмыстарды атқаруға тура келеді. Орынсыз тексерістер тағы бар.

Сондықтан, жаңа Заң жобасында халықаралық тәжірибелерді, ұстаздар қауымының ұсынысын ескеру маңызды. Мұны жоба авторлары да жақсы түсінеді. Өткен үш ай көлемінде 60 адамды құраған жұмыс тобы ұстаздар тарапынан келіп түскен 40 мыңға жуық ұсынысты талқыға салды. Яғни, бұл заң жобасы нағыз халықтық деп айтуға тұрарлық. Тіпті, авторлар Қырғыстан, Өзбекстан, Қытай және Финляндия сынды елдердің тәжірибелерімен де танысыпты.

Әрине, нақты бекітілмеген заң жобасы тұрғысында әлдеқандай пікір айту да орынсыз. Дегенмен, ұстаздың ұпайын түгендеп, құқығын қорғауға кепілдік беретін, түрлі әлеуметтік жеңілдіктерге жол ашып, шеберлігін шыңдай түсуге жол ашатын жаңа заңның жағымды тұсы көп болғай.

Қадірлі оқырман, ардақты ұстаз! Қайыра жаңғырған «Шамшырақ» беті ұстаздардың көкейіндегі мәселелері мен еселі еңбегін ел назарына ұсынуға асығады. Арнайы беттің бұл бірінші саны. Алда – газет редакциясы мен ұстаздар арасындағы тарихи сабақтастық жалғасын таппақ. Көкейде жүрген көрікті ойды газет бетінен көргіңіз келсе, мархабат. Білім шамшырағын бірге жағайық!

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Back to top button