Білім

Білім ордаларындағы бірегей жоба

Аймақтағы №2 арнайы мектеп интернатында «Отбасы және мектеп» диалогтан серіктестікке бағытталған жобасы жүзеге асты. Облыстық форум баланың мүддесі үшін мектеп пен отбасының бірлескен жұмысының оңтайлы түрлерін іздеуге бағытталды.

Жобаны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары және облыстық оқу-әдістемелік орталығының мамандары бірлесіп жасаған. «Отбасы және мектеп: диалогтан серіктес­тікке» жобасы ата-­аналарға алдымен балалардағы өзгеріс­терді көруге, түсінуге үйретеді. Форумда сондай-ақ, логопед-мұғалімдер нейропсихологиялық тәсілдер арқылы ата-аналарымен практикалық сабақ өткізді. Ойын тапсырмаларын жаттығулармен ұштас­тыра отырып, ата-аналар балаларды түзету жұмыстарында қолданылатын әртүрлі әдістерді сезінді.

– Біздің арнайы мектепте тірек қимыл бұзылысы бар, интеллектісі төмен балалар оқиды. Сондықтан, форумда ата-аналардың сұранысы ескеріліп, 7 алаң ұйымдастырылды.

Жалпы, біз алғашқы күннен ата-аналармен достық, серіктес­тік қатынас орнатуға тырысамыз. Бала тәрбиесінің бастауы отбасында болғандықтан, мектепке ол отбасында алған тәрбиесімен келеді. Мектеп пен отбасының, мұғалімдер мен ата-аналардың қарым-қатынас орнатуы ұзақ уақытты талап еткенімен, мамандар ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, тегін кеңес береді. Мәселен, логопедтер баланың тілін дамыту үшін жұмыс істейді. Үйде тілді дамыту үшін қандай жаттығулар істеуге болатынын үйретеді. Қолжетімді дақылдар арқылы баланың қол маторикасын дамытады, – дейді №2 арнайы мектеп интернатының директоры Эльмира Амандықова.

Қазіргі таңда №2 арнайы мектеп интернатында 162 бала білім алса, 60-ы үйде оқытылады. Балалар 6 мезгіл тамақ ішеді. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, биыл «Қазақстан халқына» қоры мектепке 34 млн.теңгеге кабинеттер берген. Жаңарған химия кабинеті және тігін шеберханалары бар. Сондай-ақ, жаңа компьютер кабинетіне арналған экрандар, мультимедиялық құрылғылар да балалардың қызметіне жарап тұр.

– Мектепте боча ойындары жақсы дамыған. «Батыл жүрек» қоғамдық қорының қолдауымен осы ойын түрі жан-жақты қолға алынуда. Өткен аптада түлегіміз Грецияда өткен сайыста жүлделі орынға ие болды. Мектепте қай бала қандай қабілетке ие екенін зерттей отырып, міндетті түрде өзіне сай қызығушылық түріне баулимыз, – дейді Эльмира Амандықова.

Форумда мамандар ата-аналарға баланың сабағын жеңілдететін бірқатар ұсыныстармен бөлісті. Оның ішінде жақсы тамақтану, тұрақты режим, толыққанды ұйқы, жайлы тұрмыс­тық жағдай, сабақ оқуға жайлы және ыңғайлы орын қалыптастыру әдістері бар. Мұғалімдер сондай-ақ, әр балаға сенім артып, жетістігіне қуаныш білдіру де бала үшін үлкен жетістік екенін атады. Ата-аналар форум барысында жағымды әсермен қайтты. Алдағы уақытта мектептің осындай іс-шараларына қатысуға тілек білдірді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button