Жаңалықтар

Білім биігіне нық қадам

    Білім күнінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде салтанатты мерекелік жиын өтті. Биылғы оқу жылында білім ордасына үш жарым мыңға жуық талапкер  қабылданды.

Мерекелік шара академик Әбілқас Сағыновтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Салтанатты шараны университет ректоры Марат Ибатов  құттықтау сөзбен ашып, бірінші курс студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға сәттілік тіледі.

Марат ИБАТОВ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры:

– Университет қабырғасында өткен жылдар – жастығымыздың естен кетпес шақтарының бірі. Бұл жылдарда бойдағы бар қажыр-қайратты еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін  білім алуға жұмсадық. Өйткені, озық білім мен ғылымды игерген жастар – еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан, Елбасы білім алып, қанаттанған республикамыздың үздік техникалық жоғары оқу орнына түсу мәртебесін иемденген Сіздерге зор үміт артамыз. Жаңа оқу жылы университетімізге жаңа табыстар әкеледі деп сенемін! – деді.

Салтанатты жиын барысында «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында негізі қаланып, жаз бойы университеттің жанашыр түлектері мен ынтымақтас кәсіпорындардың демеушілігімен абаттандырылған «Профессорлар аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған білім ордасына өмірін арнаған ардагерлер оқытушылар мен ғалымдар қатысты.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті грант саны бойынша 135 үздік оқу орындарының ішінде 7-ші орынға тұрақтады. Ал, облыс бойынша аталған оқу орны ең көп мемлекеттік грант иеленді. Биыл бакалавр дәрежесіндегі гранттарды 1027 талапкер жеңіп алды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішке қарағанда 25 пайызға артты.

Сонымен қатар, университетке қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мамандықтарға көп гранттар бөлінді. Мәселен, тау-кен өндірісі мамандығына – 135 грант, металлургияға – 71, радиотехника және технологияға – 43 грант бөлінсе, электронэнергетика және мұнай-газ өндіру мамандығының түлектеріне 52 тегін оқу гранты бұйырды.

Мереке соңында университеттің үздік оқытушылары мен қызметкерлері, түлектер клубы және білім ордасының түлектерін жұмысқа қабылдаған серіктес кәсіпорындар марапатталды. Студенттер алғашқы кураторлық сағатта ҚарМТУ ректоры М. Ибатовтың «Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті – аймақтың экономикалық өсуі, жаңа моделінің орталық буыны» дәрісін тыңдады.

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button