Бекзат Алтынбеков: «Жауапкершілік жүгі — ауыр»

Күні кеше ғана белгілі меценат, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бекзат Қомарұлы АЛТЫНБЕКОВ Қарағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Жезқазған, Ұлытау өңіріне жеткен ақжолтай хабар ешкімді де бейжай қалдырмады.

Арқаның Атымтай азаматын жаңа лауазымымен құттықтай барып, бірнеше сауал қойған едік.

— Бекзат бауырым, бұған дейін де ел жанашыры ретінде атқарған қат-қабат ісің дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес болып қосылып жатқанын жақсы білеміз. Жаңа тағайындау қандай тың мүмкіндікке жол ашады?

— Иә, Елбасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғалы үш жылға жуықтап қалды. Әрине, аз уақыт емес. Тарихи мақала таразылап берген жаңғыру бағыттары тәуелсіз Қазақ елі үшін жасампаздық жолын сілтейтін темірқазық, көптен тағатсыздана күткен құндылық еді. Бұл — уақыт сынынан сүрінбей өткен сарабдал саясаткер Елбасы көрегендігінің жемісі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін күн тәртібіне көтерілген басты мәселе — экономикалық дағдарысты еңсеру болғаны әлі есте. Алты құрлық демін ішіне тартып, жас мемлекет бағытын қалай ұстар екен деп жіті қадағалап отырғанда, әлемге таңдай қақтырған «Назарбаев нұсқасы» елді тығырықтан алып шығар жолға бастады. Елдің ішкі-сыртқы экономикалық мүмкіндігі қайта сараланып, байыпты безбенделіп, әлеуетті әлеуметтік-экономикалық реформа, қаржылық құрылымды жаңғырту сәтті жүзеге асты.

Күдікті үміт жеңіп, ел күтпеген жеміске жеттік. Бұл — әлемдік аренаға имене көтеріліп, әлем картасынан енді ғана көрініс тапқан Қазақстан сынды жас мемлекет үшін тарихи жаңғырудың бірінші кезеңі еді. Одан кейін саяси реформаны қолға алып, әкімшілік-басқару жүйесін жаңғырту, әлемдің алпауыттармен игілікті интеграцияға тәуекел ету қадамына бастады. Ол да нәтижесіз болған жоқ.

Қуатты мемлекет қалыптастыру үшін рухани игіліктің маңызды екенін ескеретін уақыт жеткенде, еліміздің даму бағыттарын тамыршыдай дөп басқан Елбасы өскелең ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырап, Ұлы Дала құндылықтарынан қол үзіп кетпеуін ойлады. Осы сәтте Ұлт Көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келді.

Иә, Сіз айтып отырғандай, менің Қазақстан патриоты ретінде атқарған біраз жұмысым осы бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталды. Оның ішінде мен бағдарлама аясындағы «Прагматизм», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» бағыттарына асқан қызығушылық таныттым. Ал, білім беру — өзімнің жаныма жақын сала. Өйткені, жеке кәсібімді осы салада дамытып отырмын.

Ал, мен айтар едім, рухани игілік, ұлттық құндылық мәселесі, осы төңіректегі міндеттерді жүзеге асыру, ұлтқа қызмет ету — ешқандай лауазым немесе белгілі бір көлемдегі жалақы талап ететін функциялық міндет емес, әр қазақ азаматы үшін қастерлі парыз. Ұлттың болашағы, елімнің ертеңі деген азамат Елбасы тарапынан туған тарихи идеяларды жүзеге асыруға құлшына кірісіп, айналасына ағартушылық миссия жүргізу керек. Сонда ғана, елдің ертеңі еңселі, болашағы жарқын болмақ.

Менің кандидатурамды осы лауазымға лайық көрген екен, аймақ басшысымен бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын. Ең әуелі, тарихи бағдарламаны жүзеге асыру жұмысын жүйеге келтіріп, науқаншылдықтан арылтуға септігімді тигізсем деген ниетім бар. Жаңа тайындау мүмкіндігі жәйінде айтарым осы. Алыстан орағытсам, айыпқа бұйырмаңыз.

— Бәрекелді! Онсыз да қат-қабат қоғамдық жұмысың аз емес еді. Артық жүк арқалап алған жоқсың ба?

— Бұл лауазым — жылы да жайлы кеңсесі, кесімді жалақысы, қызметтік көлігі бар мансап емес, жауапкершілік. Ал, жауапкершілік жүгі ешқашан жеңіл болмаған. Жалпы, өз басым — ел үшін атқарған ісімді ақы сұрайтын немесе даңғаза атақ үшін атқарылатын міндеттілік емес, перзенттік парыз деп бағалайтын адаммын. Сондай-ақ, мен үшін биік лауазым емес, елдің алғыс-батасы қымбат. Әрбір халық игілігі, ұлттық құндылық үшін атқарып келген нәтижелі ісім өзіме ғажап рухани ләззат сыйлайды. Сондықтан, қоғамдық негізде жүктелген жаңа лауазымды да лайықты деңгейде атқарамын деп ойлаймын. Облыс басшысының сеніміне сызат түсірмеуге тырысамын.

— Жеке жобаларыңда отбасы құндылығы деген мәселе кеңінен қамтылып жүргенін ел біледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруда осы бір қастерлі құндылық та бас орында тұратыны белгілі. Осы жобаларды жалғастырасың ба?

— Дұрыс айтасыз, рухани жаңғыру отбасынан басталуы керек. Отбасы құндылығы деген мәселе — менің өмірімнің шамшырағы, тағдырымның бағдаршамы. Мен әкесіз өстім. Әкем 11 жасымда дүние салды да, жалғыз анама 13 бала қарап қалдық. Өмірлік сағынышым болып келе жатқан ардақты Әкемнің асыл бейнесі мені үнемі арзан ой, негізсіз мақсаттан алшақтатып, ұдайы берекелі іске бастап келеді.

Қазір отбасы құндылығы өзекті мәселеге айналып отыр, бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан жастар жеткілікті. Ажырасып кетіп, өз баласына төлейтін алименттен қашып жүрген «әке» қаншама?! «Толық емес отбасы» деген тіркестік өзі өзегіңе тікенектей қадалады. Тағдырдың жазуымен не анасы, не әкесі қайтыс болып, толық емес отбасы атанып жатса, әңгіме басқа. Ал, аталар айтпақшы, «өз қағынан жерінген» парықсыз әке, жеңілтек ананың кесірінен қаншама отбасы ойрандалып, қанша шаңырақ ортасына түсіп жатыр?!

Міне, осы мәселеге бас ауырту керек. Отбасы жылуын сезінбей өскен тірі жетімге Елбасы мақаласындағы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Прагматизм» не үшін керек? Ендеше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын отбасы құндылығын қайтарудан бастау керек. Әр шаңырақтағы әкенің орны айқындалып, әр отбасындағы ананың міндеті нақтыланбай, рухани тұрғыдан жаңғыра қою екіталай.

— Жаңа бір сөзіңде бағдарламаны жүзеге асыру сипатын науқаншылдықтан арылтсақ деп қалдың…

— Иә, біздің қоғамда кейбір тәп-тәуір бастама науқаншылдықтың құрбаны болып кететін «кесел» бар. Оны жасырып жаба тоқудың немесе бүркемелеудің өзі — тарихи қателік. Атам қазақ айтады ғой: «Ауруды жасырғанмен, өлім әшкере етеді» деп. Науқаншылдық та — кесел. Оны қоғамның ағзасынан сылып тастамаса, болмайды.

Әрине, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы түбегейлі науқаншылдық сипатта кетті деп, атқарылған ауқымды шаруаны жоққа шығаруға болмайды. Осы үш жылда қыруар жұмыс жасалды. Білім саласында да, тарихты қайта таразылауда да, киелі жерлерді танып, танытуда да… Өзім белсенді мүшесі болып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, депутаттық корпустың белсенді әрекеті, атқарушы билік қызметінің басым бағыттары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдырылды.

Әсіресе, бағдарламаның «Туған жер» тармағы бойынша мүмкіндігі бар деген азаматтың кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінде патриоттық сезім оянып, қаншама мерейлі меценат өз туған жеріне керемет тарту-таралғы жасап жатыр. Жалпы, қоғамда қайрымдылық пен мейірім көрініс тапқанда, рухани серпіліс өзінен-өзі оянады. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы ұсынған байыпты бағдарлама қазірдің өзінде өз мақсатының біразын еңсерді деуге әбден болады. Түбі мақсатына жететін бағдарлама.

— Қайырымдылық жөнінде айтсақ, біздің жергілікті әріптестердің аузына әуелі өзіңнің есімің ілінеді. Елге бергенің көп пе, берерің көп пе?

— Берерім көп, әрине. «Жаман бергенін айтады» демекші, мен жасаған қайырымдылық шарасы аз насихатталып, кем дәріптеліп жатқан жоқ. Мәртебелі марапаттарға да ие болдым. Осы сұхбатқа менің бергенімді өзек қылмай-ақ қойсақ…

— Дегенмен, «Туған жерге туың тік» бағдарламасы аясында өз туған жерің Ақтоғайға жасаған игі істеріңді атап өтсек…

— Әрбір саналы азамат — туған жеріне мәңгілік қарыздар. Осылай ойлай білетін, мүмкіндігі болып жатса, туған ауылының «бір жыртығына жамау» бола алатын азамат көп болса екен деймін. Мен туған Ақтоғай — менен бұрын Алаш арыстарының, көмейіне бұлбұл ұялаған әншілердің, Ақсораңдай асқақ жырымен жүрек жаулаған ақындардың алтын бесігі. Сол Алаш көсемдері, оның ішінде Әлихан Бөкейханның өзі «қазаққа мәңгі қарыздармын» деп кеткен. Мен олардың ешқайсысынан әулие емеспін.

— Руханият, білім саласын өркендетуге сіңірген еңбегің үшін бірқатар марапат иелендің. Соның ішінде жаныңа жақыны қайсы?

— Әлгінде айтып өттім ғой, мен үшін марапаттың көкесі, абыройдың ардақтысы — елдің алғысы. Десек те, өзіңді шын қуантқан, мақтаныш сезіміне бөлеген марапат болатыны жасырын емес. Мен үшін өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған байқауда иеленген «Жыл тұлғасы» аталымы — айырықша. Өйткені, бұл қарапайым халықтың онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша анықталған жеңіс еді. Мұның өзі халықтың таңдауы болғаннан кейін ыстық көрініп тұр.

— Рахмет! Облыс әкімінің кеңесшісі лауазымындағы жұмысыңды неден бастамақсың?

— Облыс әкімі — белгілі бір өңірдің саяси жетекшісі. Сондай-ақ, ол — сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне тікелей жауапты тұлға. Яғни, белгілі бір мерзімде сол елдің де, жердің де иесі. Қарағанды өндірісті аймақ болғандықтан, өңір басшысының өндірісті өркендету, экономиканы еңселендіру, инвестиция тарту деген қым-қуыт жұмыспен жүріп, руханият мәселесіне көңіл бөлуге уақыты да, мұршасы да болмай қалуы мүмкін. Мен осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру негізінде осы руханият, өнер, әдебиет саласында назардан тыс қалып жатқан өзекті мәселелерге аймақ басшысының назарын аударсам деймін.

— Бәрекелді! Әсерлі сұхбатың үшін көп рахмет! Сәттілік серік болсын!

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан».