«Диета – ерік-жігер өлшемі»

Көктем келді. Алдыда мерекелік күндер. Мұндайда қыз-келіншектер түр келбеті мен дене сымбатын қолға алады. Сол «қолға аладының» ішінде – диета бірінші орында болмаса да, көшбасында тұр. Диетаның сан түрі бар, интернетте айтылар кеңес те жеткілікті. Алайда, оның барлығы бірдей пайдалы деп айта алмаймыз. Сондықтан, бұл туралы диетолог Гүлбахар АМАНЖОЛОВАНЫҢ пікіріне құлақ түрдік.

Өзіңіз білесіз, диета түрлері көп. Соның арасынан дұрысын қалай таңдаймыз?

– Негізінде диета нақты бір адамға арнайы жасалады. Ол оның жасы, жынысы, дене бітімі мен метаболизміне қатысты құрылады. Интернетте айтылатынның барлығы жалпылама ақпарат, диета түрлері. Ол бәріне бірдей келмеуі мүмкін. Сондықтан, өзіңізге қажеттіні таңдау үшін маманның көмегіне жүгіну керек. Ең әуелі денсаулық жағдайын тексеру үшін дәрігерге барып, тиісті сараптамалар тапсырған дұрыс.

Диета таңдауда белгілі бір критерийлер бар ма?

– Диетаны тағам рационындағы майлар, ақуыздар мен көмірсулар көлеміне қарай таңдаған дұрыс. Егер, ағзаға осылардың біреуі жетіспей қалса, денсаулықта мәселе туындауы мүмкін. Мысалы, ағзаға майлар жетіспесе, шаш пен тырнаққа кері әсер етуі мүмкін. Ал, көмірсулардың жеткіліксіздігі жадының нашарлауына себеп болуы мүмкін.

Сонда, диетаға тыйым салынатын кездер де бола ма?

– Оны әр адамның жағдайына қарай айту керек. Мысалы, гастрит, колит, панкреатит сияқты аурулары бар болса, диета оларды асқындырып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, жүкті немесе бала емізетін әйелдер, қант диабеті және басқа да эндокринологиялық аурулары анықталса, диета ұстауға болмайды. Бірақ, қазір оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы арықтау марафонын ұйымдастырып, дайын мәзірді барлығына бірдей ұсынатындар көп.

Сіз айтып отырған біршама адам қатысатын марафон арқылы арықтаудың нәтижесі жақсырақ бола ма?

– Арықтағысы келетіндерді бір ортақ чатқа жинап, бір мәзір бере салған әрине, оңай. Онда адаммен жеке-жеке жұмыс жасамайды. Ол диета түрі бәріне бірдей жақпауы мүмкін. Жалпы, диетаны ұстау ерік-жігерге байланысты.

Бірақ, қалай дегенмен, диета деген – тағамнан шектеу ғой. Ағзаға кері әсері бар шығар?

– Иә, диета кезінде белгілі бір тағамдардан шектеу болады. Өзіңді қыстап, ұнатпайтын тағамдарды жеу арқылы арықтай алмайсыз. Сондықтан, диетаны адамның жақсы көретін тағамдарынан жасаған дұрыс. Сонда оның нәтижелілігі де арта түседі. Ұнататын іс пен пайдалы істі осылай ұштастыруға болады. Тағам қабылдау күніне 5 реттен кем болмағаны жөн. Ас мәзірінде жасұнық (клетчатка), сүт қышқылды өнімдері, жеңіл қорытылатын ет болуы керек.

Әдетте қыз-келіншектер мереке қарсаңында тез арықтағысы келеді. Ондай диеталар тиімді ме, расымен тез арықтауға септігін тигізе ме?

– Кез келген адамға диета түрін тағайындаған кезде оның нәтижесі қанша уақытта байқалуы мүмкін екендігін есепке алу керек. Аптасына 5 келі тастауға «көмектесетін» диеталар шын

мәнінде ағзаңызды құртады. Денсаулыққа зияны тимес үшін аптасына 1,5 келі ғана тастауға болады. Диетаны дұрыс таңдау арқылы ғана бір ай ішінде еш зиянсыз әрі қиналмай қажетсіз салмақтан арылу мүмкін. Қыз-келіншектер тез арықтататын «әдістерден» аулақ болса екен деймін.

Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.