Жезқазған

Бейімдеу орталығы іске кірісті

     Жезқазғанда қаланы дамытудың үш жылдық жоспары аясында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді белсенді өмір сүруге бейімдеу бағытын ұстанған кешенді психологиялық-педагогикалық түзету орталығы өз жұмысын бастады. Әлеуметтік тұрғыда аса қажетті мейірім шуағын шашып тұратын орталықтың тыныс-тірлігімен қала әкімі Батырлан АХМЕТОВ арнайы барып танысты.

Жаңа орталықта сөйлеу, көру, есту қабілеті нашар дамыған, қимыл-қозғалысы мен психологиясында кемшілігі бар балалар мен жасөспірімдерге жаңашыл әдістемелерге сүйене отырып, пәрменді көмек көрсетілетін болады. Түпкі меже, әрине, олардың  мүмкіндіктері өздерін қоршаған қоғам мүшелерінің мүмкіндіктерінен кем емес екендігін сезіндіру, сол мақсаттағы талпыныстарына дем беру.

Орталықтың төрт кабинетінде балаларға жәрдем көрсететін дефектолог, логопед, сурдопедагог, олинофренопедагог, емдік уқалау және басқа да бағыттардағы қызметкерлердің барлығы дерлік жоғары білікті кәсіби мамандар. Олар арнайы топпен, ал қажеттілік туындаған жағдайда орталық қызметіне жүгінуші балалармен дербес жұмыстар жүргізуге де мүдделі. Сондай-ақ, ата-аналардың қатысуымен тақырыптық семинар, кездесулер өткізіп, ақыл-кеңес беру жайы да қарастырылған.

Тұрғындар сұранысын өтеуге арналған орталықтың ашылуы қалалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылды. Кабинеттер заманауи қондырғылармен, әдістемелік материалдармен талапқа сай деңгейде жабдықталған. Сонымен қатар, емдеу сипатындағы денешынықтыру шараларымен шұғылдануға арналған залы мен ойын залы да бар.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы Гүлден Жанділдинованың айтуынша, орталық алғаш іске кіріскен күні оның табалдырығынан 40-қа жуық бала аттапты. Ал, жалпы қала бойынша жоғарыда аталған кешенді көмек түрлеріне мұқтаж балалардың саны 230-ға жуықтайды екен.

Қала әкімі Батырлан Ахметов орталық мамандарымен пікірлесу барысында алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларды түзету кабинеттерінің емдік шараларына толыққанды тарту қажеттілігіне және олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу жайына айрықша назар аударды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button