АймақБас тақырып

«Базарың құтты болсын, ардақты елім!»

Биыл – даңқын Біржан сал әнімен шарықтатқан атақты Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығы. Ел тарихында ойып орын алған жәрмеңкенің мерейтойын Қарқаралының ардақты жұрты дүркіретіп өткізді. Игі жақсылар қасиетті мекенде бас қосты. Домбырамен ән шырқалып, қазақтың қара өлеңі оқылды. Түпкір-түпкірден тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар келіп, конференция өткізді. Бір сөзбен айтқанда, Қарқаралы басында рух сілкінді.

Тойдың шымылдығы тарихшылардың конференциясымен ашылды. Оны аудан әкімдігі мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұйымдастырды. Білім ордасының ректоры Нұрлан Дулатбеков сөз алып, жәрмеңкедегі тарихи тұлғаларды тілге тиек етті және сол кездегі саяси, құқықтық мәселелерге тоқталды. Мақсаты – жәрмеңкенің қазақ қоғамындағы саяси, экономикалық рөлін айқындау. Зерттеушілер қауымы Қоянды жәрмеңкесінің ұлт тарихындағы орны хақында баяндамаларын жасады. Конференцияда аудан әкімі Ерлан Құсайын қонақтарға жылы лебізін білдірді.

– Топырағы құнарлы, тамыры тереңге кеткен, Алаштың алтын бесігі, сұлу өлкесі – қасиетті Қарқаралыға қош келдіңіздер. Той құтты болсын! – деді аудан басшысы.

Белгілі тарихшы Нұрсахан Бейсенбекова да өз пікірін білдірді.

– Жәрмеңкенің қазақ тарихындағы орны ерекше. Ресей империясы саудасы арқылы өзінің отарлық саясатын жүргізді. Ол кезде байтақ далаға ағылшындар мен қытайлар да көз тігіп отырған. Жәрмеңке арқылы қазақ даласы Азиядағы сауда орталықтарының біріне айналды. Сауда қарқынды дамыды. Қоянды жәрмеңкесінен тағылым алу керек. Өнім өндіру – болар елдің жасайтын тірлігі. Алаш зиялылары жәрмеңкеге батыстың зерттеу­шілерін әкелді. Солар арқылы халық әндері қағазға түсіп, жаһанға тарады. «Қарқаралы петициясы» – бір бөлек әңгіме. Оған қол қойған тұлғалардың аты-жөні әлі күнге дейін белгісіз. Мұны жас ғалымдар зерттеуі керек. Қарқаралы – азаттық қозғалысының бесігі. Осы турасында көлемді ғылыми-зерттеулер жасалуы тиіс, – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Белгілі тарихшы, алаштанушы, республикалық «Қыр баласы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елдос Тоқтарбай тойдың құрметті қонағы болды.

– Конференцияда – елге бағыт- бағдар беретін салмақты ойлар айтылды. Мұның ауқымы халықаралық деңгейде өтуі тиіс. Бұл – қазақ даласындағы жай ғана жәрмеңке емес, азаттық идеясының алтын қазығы, – деді Елдос Тоқтарбай.

Ер түріктің бесігі саналатын Түркістан қаласынан да меймандар келді. Шаһар әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы тойдың деңгейін жоғары деп бағалады.

– Қарқаралының тарихымыз­дағы орны ерекше. Осындағы әріптестерімізбен тәжірибе алмасу үшін арнайы келдік. Әсіресе, осы той арқылы туризм жандануы керек, – деді Ерлан Бақытжанұлы.

Той қарсаңында белгілі суретші Кәріпбек Күйіковке «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Конференциядан кейін Сәкен театрының ұжымы театрландырылған қойылым қойды.

Шаһардың орталығында суретшілердің, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ерсін Темірғалиев, Елена Нивиденская, Наталья Сайгушова, Жаңабек Жұмабеков есімді суретшілер өз туындыларын халық назарына ұсынды. Айта кетейік, Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығына арналған логотиптің авторы Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі – Ерсін Темірғалиев.

Ұлттық нақышта киінген жұрт дастархан жайып, елге дәм татқыз­ды. Қонақтар құрақ көрпеге малдас құрып, қазы-қарта асып, қымыз ішті. Жаңатоғандықтар өздерінің сабындарын арзан бағамен саудалады. Қолына қыранын қондырған, жүйрік тазысын жетектеген саятшылар тойдың сәні болды. Тойдың базары кешке дейін тарқамады. Алтыбақанда тербелген жігіт пен қыздың күлкісі – той қызығы.

Көрмеден бөлек, ашық аспан астында әдеби-сазды кеш өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқаш және танымал ақындар Жәлел Қуандықұлы, Сұлтан Дәулетхан, Айбек Байтөре, Салтанат Қайырбек және осы жолдардың авторы қасиетті Қарқаралы туралы өлеңдерін оқыды. Таулармен қоршалған сұлу Қарқаралының аспанына поэзия қанат қақты. Медет Осатаев, Арайлым Жүкенова, Қуандық Төкен, Нұрлытаң Саятқызы шырқаған әндер арқаны шымырлатып, рухты көтерді. Күйші Мадияр Сүлейменов домбырамен, Әмір Амангелді қобызбен күй тартып, жүректі тербеді.

Алыс-жақыннан қасиетті Қарқаралының ардақты еліне «Базарың құтты болсын!» айта келген меймандар дүркіреген тойдың куәсі болды. Қарқаралының жұрты жұдырықтай жұмылып, тарихи маңызы зор жәрмеңкенің мерейтойын атқарды. ХХ ғасырдағы қоңыр тірлік кешкен қазақ ауылына тап болғандай күй кештік. Қымыз да, ет те, бауырсақ та ағыл-тегіл. Дәм татам дегендер бір тиын да жұмсамады. Ғажап көрініске қарап, көңіл марқаяды һәм масаяды. Жүрегің атқақтап, кеудеңді бұзып өтердей. «Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім!».

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button