Баспана бағыты – отбасы шаттығы
Бүгінгі таңда мемлекет қолдауының нәтижесінде Балқаш қаласында көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Балқаш станциясындағы Жусанды көшесіндегі №26 үйдегі 12 пәтердің кілті табысталды. Аталған нысан «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтерген. Үй заман талабына сай, сапалы салынған. Тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру салтанатына Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков арнайы қатысып, баспаналы болған азаматтарды қоныстойымен құттықтады.
– Кейінгі жылдары біздің елімізде тұрғын үй құрылысы ауқымды жүргізіліп келеді. Мемлекетіміз жылжымайтын мүлік нарығындағы жоғары бағалар жағдайында өз азаматтарына көмек көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп отырады. Соның бірі – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту. Бағдарлама бағыттарының бірі – кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінуде. Бүгінгі баспаналы болған жандардың барлығын жаңа қонысымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа бөленсін, – деді Ораз Тәуірбеков.
Қала әкімінің айтуынша, шағын шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жұмыстары болашақта да белсенді түрде жалғасатын болады.
Нұрдос КӘРІМ.