Ресми

«Банкроттық» босаңсытпайды

Елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңға қол қойылды. Заңның жүзеге асу барысы туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы бойынша кірістер департаментінің басшысы Әнуар Мәдиев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Бұл заңды іске асырудағы негізгі мақсат – азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, өнімді экономикалық қызметке оралу, қарыздар бойынша нәтижелерді ынталандыру. Десе де, банкроттық рәсімделгеннен кейін бірқатар шектеулер енгізілетінін де ескеру қажет.

– Заң жобасында банкроттық рәсімнің үш түрі енгізілді. Яғни соттан тыс, сот арқылы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл процедураны борышкерлердің өздері бастайды, несие берушінің борышкерді банкрот деп жариялауға құқығы жоқ. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күннен кейін күшіне енеді. Яғни, наурыз айынан бастап қолданысқа енеді, – дейді департамент басшысы Әнуар Маратұлы.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, облыста 66 мыңнан астам тұлға банкроттық рәсіміне ілігуі тиіс. Заң жүзеге асқанда қолданылатын бірінші рәсім – соттан тыс банкроттықты азаматтар келесі жағдайларда ғана қолданыла алады. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылады. Берешек 5 млн. 500 мың теңгеден (1600 АЕК) аспаса, тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ, мерзімі өткен берешек банк арқылы реттеледі, банкроттық жеті жыл бойы қолданылмайды. Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» веб-порталында тіркеледі. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіріс критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылады. Екінші рәсім – сот банкроттығы 5 млн. 500 мың теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша жүзеге асады. Рәсімнің мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.

Сонымен қатар, заңда барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сотта қарыздарды 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі тұрақты табыс болған жағдайда көзделеді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.

Борышкерлердің әлеуметтік әлеуеті ескерілетін заңда жеңіл[1]діктер болғанымен, банкроттық борышкерлерді босаңсытпайды. Нақтырақ айтқанда, бес жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық жариялау жеті жылдан кейін мүмкін болады, банкроттықтан кейін үш жыл ішінде банкрот деп жарияланған жеке тұлғаның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

Тағы бір ескеретін жайт, алимент бойынша, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян өтемақылары, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі борыштар есептен шығарылмайды, яғни банкроттыққа жатпайды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button