Бала өміріне бейқам қарамаңыз
Кеше, 13 сәуір күні сағат 18.36-да Төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау түскен. Теміртау қаласында өтіп бара жатқан адамдар төртінші қабаттағы пәтердің ашық терезесінен сыртқа қарап тұрған балаларды көрген.
Алаңдаған тұрғындар құтқару қызметіне хабарласқан. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына жетіп, құтқарушылар баспалдақ орнату арқылы ашық терезеге көтерілген. Пәтерде 2019 және 2020 жылы туған екі бала жалғыз қалған екен. Құтқарушылар дер кезінде оқыс оқиғаның алдын алды.
Балалардың терезе мен балконнан құлауын болдырмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар:
– кішкентай балаларды жалғыз, қараусыз қалдырмаңыз;
– жиһаздың барлық түрін бала терезеге шыға алмайтындай етіп терезеден алысқа жылжытыңыз;
– москит торларына сенбеңіз, олар құлап кетуден қорғамайды;
– баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына жол бермейтін арнайы ысырмаларды қойыңыз;
– балаларға ашық терезенің қауіптілігі туралы түсіндіріңіз;
Төтенше жағдайлардың барлық фактілері туралы – 112, 101 немесе 8 (7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондары бойынша қоңырау шалыңыз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz