Балғын спортшыларды баулиды
Шахтинск қаласында 2022 жылдың күзінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілгелі осындағы спортқа құштар жас жеткіншектердің көзі ашылды. Сол уақыттан бастап, бұрын көрінген бұрышты сағалап келген Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі осы жерден тұрақ тауып, түпкілікті орнықты.
Аталған мектепке кешен ішінен 4 бөлме бөлініп, спорт залының бәрі 6-16 жас аралығындағы балғындардың тегін жаттығуына берілген. Сабақтан бос уақыттарында осында келіп, спортпен айналысатын 850 бала әр күні таңертеңгі 9:00-12:00, түстен кейінгі 16:00-19:00 сағат арасында шынығып, шеберліктерін шыңдай алады. Бұған дейін олар спорттың грек-рим және қазақ күресі, жеңіл және ауыр атлетика, футбол, баскетбол, волейбол сияқты түрлерімен шұғылданса, енді жаңа оқу жылынан бастап, оған бокс, тоғызқұмалақ, суға жүзу, дзюдо қосылған.
Міне, осы спорт түрлеріне жас өрендерді мектептегі 23 жаттықтырушы үйретіп, баулып, алдағы жарысты додаларға дайындайды. Нәтижесінде, олардың шәкірттерінің арасынан түрлі деңгейлердегі бәсекелерде топ жарып, жүлде алып жүргендер аз емес. Мәселен, Владимир Клименко ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы атанып, Қайрат Есбол қазақ күресінен екі мәрте облыстық «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы болса, Сұлтанбек Рүстем дзюдодан өткен ел чемпионатында III орын, ал, Тимур Валиуллин жүгіруден II орын алған. Жаттықтырушы Александр Сафронов баптаған Юсуп Нурмугамедов жуырда Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған Халықаралық бокс турнирінде 91 келі салмақ дәрежесінде II орыннан көрініпті. Бұдан бөлек, мектептің баскетболшылар командасы 2011, 2012 жылдар қатарынан екі рет облыс чемпионы атағын иеленген.
Жас спортшылардың осындай дүбірлі жарыстарда жеңіп алған кубоктары мен медальдарын, дипломдары мен грамоталарын бізге мақтана көрсеткен мектеп директоры Аманжол Тілеубек оларды сол сындарға мектеп қаражаты есебінен жіберіп отыратындарын айтады. Ол бұл орайда өздері қарайтын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының осы мақсаттарға биылғы оқу жылында 9 миллион 200 мың теңге бөлгеніне ризалығын білдірді.
Алматы қаласындағы Туризм және спорт академиясын бітіріп, қала мектептерінде мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, қалалық мәслихатқа депутат та болып сайланған Аманжол Тілеубекұлы:
– Біз балаларды спортқа баулып қана қоймай, «Өнегелі өмір» жобасы аясында оларды ізгілік пен қайырымдылыққа тәрбиелеуді де ойдан шығармаймыз. Соның негізінде олар түрлі жағдаймен кемтар болып қалса да, өмірге құштарлығын жоғалтпаған жігерлі жандармен жүздесіп, әңгімелерінен ғибрат алып, қолдан келгенше оларға да көмек береді, – дейді.
Мектеп басшысының тағы бір көздеген мақсаты Шахтинск қаласы аумағына енетін Шахан, Долинка, Жаңа Долинка, Северозападный кенттерінің балаларын да бұқаралық спортқа тарту болып отыр. Сол үшін облыс әкімдігінен автобус сұрағандарына да біраз уақыт болыпты. Егер ол мәселе шешімін тауып жатса, Шахтинск аймағының жас өндірлері спортпен түгел қамтылады деп есептейді.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz