Білім

Балқаштық бөбекжай тәрбиеленушілері облыстық кезеңде жеңімпаз атанды

«Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі қарсаңында «Шымырлық пен шеберлік күні» мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. Аталмыш байқауда Балқаштағы «Ертөстік» және «Жұлдыз» бөбекжайының тәрбиеленушілері топ жарып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Аталмыш байқауға аймақтың 26 мектебінен 66 тәрбиеленуші бақ сынады. Олар екі аталым бойынша сынға түсті. Бірінші айналымда қатысушылар қазақтың ұлттық ойыны ханталапай ойынын ойнап, шеберліктерін көрсетті. Ал, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп аталатын екінші айналымда отбасылық құндылықтарды, ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер туралы видео түсірді.

Бірінші айналымда Балқаштағы «Ертөстік» бөбекжай тәрбиеленушілері Рамазан Аманғазин, Айтөре Қаранай, Мұхамад Сүлеймен, Әльфарби Таирбергенов, Аңсар Әлімбет, Әділхан Кәрімжанов, Нұрәлі Нұртаев үздік атанды.

– Байқауға әр түрлі топтардың тәрбиеленушілерін алдық. Барлығы бұл ойынды жақсы көреді. Облыстық кезеңде жеңіске жетіп, республикаға жолдама алдық. Ал, республикалық байқаудың қандай форматта болатынын әлі білмейміз. Бірақ, біз бәріне дайынбыз, – дейді «Ерөстік» бөбекжайының тәрбиешісі Қызғалдақ Шаймерденова.

Ал, «Жұлдыз» бөбекжайының тәрбиеленушісі Заңғар Жалғасбай байқауға әкесімен бірге қатысты. Ол өзі жинаған асықтарын көрсетті. Әрі қорғасын құйылған асықтарын таныстырып, асыққа қорғасынның құю себебін түсіндірді.

– Заңғар небәрі төрт жаста. Бірақ жасына қарамастан асық туралы көп біледі. Асық жинағанды жақсы көреді. Үйінде бір қоржын асығы бар. Асық жинап, асық ойнауды әкесі үйретіпті. Сонымен қатар, балабақшада біз асықты тек ойын құралы ғана емес, нүктелі массаж кезінде, санау үшін, тіпті,  дойбы ретінде де қолданамыз, – дейді «Жұлдыз» бөбекжайының тәрбиешісі Науат Жакышева.

Бұдан бөлек, Ақтоғайдағы «Айгөлек», Абайдағы «Балбөбек» және Шахтинсктегі «Еркетай» балабақшасының тәрбиеленушілері ІІ орынға ие болды. Ал, Абайдағы «Балауса», Нұрадағы «Алтын дән» мен Приозерсктегі «Балақай» бөбекжайының тәрбиеленушілері үздік үштікті қорытындылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button