АймақБалқаш

Балқаш көрікті қалаға айналады

Балқаш қаласында санитарлық тазалық, көгалдандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар биыл жаңа қарқын алмақ. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Берік Бекмағамбетов мәлім етті.

Суреттер автордан

Оның айтуынша, былтыр жыл бойы жалпықалалық сенбіліктер өткізіліп, жүздеген гектар аумақ қоқыстан тазартылған. Заңсыз қоқыс орындары жойылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Аулалар абаттандырылып, қоғамдық кеңістіктер жаңғыртылған. Жағажайлар ретке келтіріліп, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалған. Тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында да бірқатар көпқабатты үйлер жөндеуден өткен.

– Биыл негізгі басымдық санитарлық тазалықты тұрақты қамтамасыз етуге, көгалдандыру көлемін арттыруға және қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыруға беріледі. Осы мақсатта жыл бойы үздіксіз тазалық жұмыстары жүргізілмек. Жоспарға сәйкес, 40-тан кем емес жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, оған 200-ден астам еңбек ұжымы мен белсенді жастар тартылатын болады. 400 гектардан астам аумақты тазалау, шамамен 20 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығару көзделіп отыр. Заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары Қоңырат, Тораңғалық және «Рембаза» шағынаудандарын да қамтимыз, – дейді Берік ­Бекмағамбетов.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, көгалдандыру бағытында Қараменде би, Абай және Бөкейханов көшелерінде жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстар тек тал отырғызумен шектелмей, көшеттердің жерсінуіне жағдай жасау, суару жүйелерін енгізу және тұрақты күтіммен қамтамасыз ету шараларымен қатар жүзеге асырылады. Қалада гүлзарлар мен көгал алаңдарын көбейту де назарда. Абаттандыру жұмыстары аясында 14 аула жаңартылып, балалар ойын және спорт алаңдары орнатылады. Жарықтандыру жүйесі жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріледі. Қоғамдық кеңістіктер бойынша жағажай инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары Шұбартүбек, Тораңғалық, Барковский ауданы және «Balkhash Tour Fest» аумағында жүргізіледі. Сонымен қатар, Спицын көшесінен туристік аймаққа дейін жаңа тротуар салу, «Жастар» скверін толық жаңғырту жоспарланған.

Спикердің айтуынша, тұрғын үй қорын жаңарту бағытындағы жұмыстар да жалғасады. Өткен жылы жоспарланған 94 көпқабатты үйдің 89-ы жөнделіп, пайдалануға берілген. Қалған нысандар бойынша жұмыстар биыл аяқталады. Бұл ретте жөндеу сапасына ерекше көңіл бөлініп, техникалық бақылау күшейтілген.

Қаладағы саябақтар мен демалыс орындары тұрақты күтімде болады. Күнделікті тазалау, көгалдарды күтіп-баптау, жарықтандыру жүйелерін реттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Маусымдық жұмыстар да жоспарлы түрде атқарылады. Туризм саласын дамыту бағытында да нақты шаралар қабылдануда. Жағажайлар абаттандырылып, санитарлық инфрақұрылым күшейтіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көл түбін тұрақты тексеру және тазарту жұмыстары жүргізіледі. Су айдынын бақылау үшін арнайы дрон қолданылуда.

Айта, кетейік, Балқашты жайлы, таза әрі қауіпсіз қалаға айналдыруға бағытталған жұмыс та жүзеге асырылмақшы. Жүйелі жоспар мен нақты іс-шаралар қаланың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button