Жаңалықтар

Бағдаршам бар, жолаушылар жолағы жоқ

Газеттің былтырғы жылғы 10-шы қарашадағы санында «Көптен күткен бағдаршам орнатылды» деп сүйіншілеп едік. Нақтырақ, Ермеков пен Ержанов көшесінің қиылысына. Бұған дейін де газет тілшілері аталмыш мәселені қозғап, дабыл қаққан-тын. Бірақ, бағдаршам қойылса да, 45-ші орам бағытынан келетін жолға «Жаяу жүргіншілер» белгісі орнатылмаған. «Әне, міне!» деп жүргенімізде, жол апаты да тіркелді. Толығырақ тарқатайық.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қиылыста, яғни, басты жол Ермековке шығу үшін бағдаршам болмаған. Соның зардабынан көлік кептелісі, тіпті, жол апаты да жиі орын алды.

Қазір бұл араға бағдаршам да, жаяу жүргіншілер жолы да қойылды. Былтыр жыл аяғында Ержанов көшесінің жолы күрделі жөндеуден де өтті.

92-ші орамнан келетін бағытқа бағдаршам тұсынан жаяу жүргіншілер жолын жасапты. Бұған дейін сол аудандағы «Южный» шағын маркетінің алдында тұрған жүргіншілер жолын, әріге апарған. Бұл өзгеріс тұрғындар мен көлік иелеріне тиімді.

Ал, 45-ші орамнан шығып, осы бағытқа бет алған көлік, қиылысқа жетер-жетпес жердегі жаяу жүргіншілер жолына ғана тоқтайтын. Қазір бағдаршам қойған соң жүргіншілер жолын алып тастады. Әрине, көлік тізгіндегендерге жаяу жүргіншілер жолағына бір, бағдаршамға бір тоқтағаны тиімсіз. Енді, бұл бағытта келе жатқан қала тұрғындары үшін осы жолдан екінші бетке өтуге – рұқсат жоқ. Ол үшін тек 92-ші орамнан келе жатқан бағытқа қойылған бағдаршамнан, содан соң, Ержанов көшесінде жаңадан қойылған жүргіншілер жолағынан өтуі шарт. Яғни, айналма бұл.

– Жұмысқа келерде бұрынғы жүргіншілер жолағынан өтіп жүретін едім. Ержанов бағытына бағдаршам орнатқалы оған шектеу қойылды. Мәселе мынада, қиылыста бағдаршамның тұруы – заңды. Және жаяу жүргіншілер жолағы да. Екі көше қиылысып тұр ма, демек, онда үш бірдей жолақ болуы керек, – дейді Гүлмира есімді қала тұрғыны.

Ия, айтылған уәждің жаны бар. Қазір қиылыстың екі бағытында ғана жолақ тұр. Әрі «Жаяу жүргіншілер жолы» белгісін де қадап қойыпты. Көлік жүргізушілеріне анық көрінеді. Жолақ та жатыр табан астында. Ал, 45-ші орамнан шыққан бағытта жолақ та, бағдаршам да жоқ. Қарсы бағытта бар, ал, мұнда неге қойылмаған?

Ержанов көшесінен шығып, осылай бағыт алғандар да мұны түсіне алмай әлек. Осының салдарынан 11-і күні үш бірдей көлік соқтығысып қалды. Себебін топшылап көрейік енді?! Көлік иесі белгі қойылмаған жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні көріп тежеуіш басып, өткізбек болыпты-мыс. Бірақ, «Жаяу жүргіншілер жолы» белгісі қойылмаған. Соңынан бастырмалатып келе жатқан қос көлік соқтығысқан.

Бағдаршамның мәселесі шешілді. Алайда, жүргіншілер жолағына тұрғындар алаңдаулы. Жол апатының тағы қайталанбасына кепіл бар ма?

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button