Бағдарлама – бұқара назарында

Қарағанды облысында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы тамыздың 21 жұлдызындағы жағдай бойынша облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Максим Галиуллин әңгімелейді.

Биылғы жылы облыстың жұмыспен қамту орталығына қолдау сұрап, өтінішпен келгендер 32 мыңнан асады, оның ішінде 29 мың адамға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары көрсетілді.

Бағдарламаның «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету»  аталған бірінші бағыты аясында облыстың колледждерінде 700 адамды оқыту жоспарланған. Оқудың басталуы 2 қыркүйекке жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ҰБТ-дан шекті ұпай жинай алмаған және оқу орындарына түспеген түлектер де тегін кәсіби және техникалық білім алады. Бүгінгі таңда түлектер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер және дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға келсек, мұнда мың жарымнан астам қатысушы жолдама алды.

Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қарастыратын екінші бағыты бойынша «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасында «Бастау Бизнес» жобасына оқытудың әдісі дайындалған. Кәсіпкерліктің дағдысын  облыс аудандарынан 709 тұрғыны меңгерді. Бұл күні оқудың төртінші кезеңі басталды.

Тұрғындарға барлық өңірде шағын несиелер берілуде. Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ ҚФ бойынша жеңілдік шарттарымен 433 кәсіпкер несие алды. Ал, «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ ҚФ арқылы  195 адам несиеге қол жеткізді. Жақын арада қалаларда қаржыландыру жүргізіледі.

Үшінші «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты бойынша әлеуметтік жұмыстарға 702 жұмыссыз орналастырылса, 574 жас маман жастар тәжірибесіне тартылды. Инфрақұрылым жобаларына 231 адам жолданды.

Тұрғындардың Бағдарламаға қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету мақсатында облыста бірінші болып Балқаш қаласының жұмыспен қамту орталығы электронды кезек және бір терезе қағидатын енгізу арқылы жүйені жаңғыртты.

Жаңа жүйе маусым айының басында іске қосылды. Бағдарламаны сынақтан өткізіп, азаматтарды қабылдауға көшті. Бұл тұрғындарға өте ыңғайлы болып отыр. Жұмыспен қамту орталығына кіре берісте терминалбекеті орналастырылды. Онда келушіге номерлі талон беріледі. Кезегі келгенде электронды таблода сол номер бейнеленеді. Сөйтіп, бағдарлама бойынша кеңес алуға келген қала тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Жұмыс іздей келген және басқа да азаматтарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалуда.

Дәл осындай электронды жүйе Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да енгізіледі.

«е-Халық» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – ауылдық округтік әкімнің өзіндік автоматтандырылған жұмыс орны.

Елді мекендердегі есеп-қисапты жүргізуге арналған шаруашылық кітапшаларының барлық жазбаларын электронды формаға ауыстырады. Бұл халықты жұмысқа орналастыруда, жұмыспен қамтуда белсенді шаралар қабылдау үшін және кәсіпкерлікті дамытуда  тұрғындардың  қажеттілігіне  жедел әрекет ету үшін қажет.

Азаматтарға жедел қызмет көрсету мақсатында облыста халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.