«Бүлдіршінге жыр арна» облыстық байқауының жүлдегерлері марапатталды
«Достық» үйінің концерт залында «Бүлдіршінге жыр арна» атты әдеби-байқаудың жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының қолдауымен балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген қаламгерлер арасында ұйымдастырылған шара бүлдіршіндерге арналған шығармалар арқылы жас ұрпақтың тілін дамытып, кітап оқуға деген құштарлығын ояту, адам бойындағы ізгі қасиеттер тәрізді тәрбиелік мәні бар тақырыптарға жазылған шығармаларды насихаттауды мақсат етті.
Байқауға қатысуға жалпы саны 48 адамнан өтініш түсті. Оның ішінде балаларға арналған өлеңдер номинациясы бойынша 35 адам, балаларға арналған әңгімелер аталымында 13 адам өз туындыларын жолдады. Барлық шығармалар авторлары көрсетілмей, санмен белгіленіп, қазылар алқасының талқысына ұсынылды. Құрамында Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Сүйіндік Жанысбай, ақын, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Саят Тұяқбаев, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, балалар әдебиетін зерттеуші Жанар Рүстемова және осы жолдардың авторы бар қазылар алқасының шешімімен екі номинация бойынша барлығы 18 жүлделі орын анықталды.
3-5 жас аралығындағы балаларға арналған өлеңдер номинациясында І орынды Қуаныш Аманқұлов еншіледі. ІІ орын Руза Алдашева мен Сұлтан Дәулетханға бұйырса, ІІІ орын (үшеу) Охан Зәкерия, Нұрғали Қарабеков, Әлия Бекпенбетова сынды қаламгерлердің қанжығасына байланды. Ал, байқаудың ынталандыру сыйлықтарымен Мөлдір Бөлекова, Эльмира Орынбаева, Аян Кизкин марапатталды.
6-10 жас аралығындағы балаларға арналған әңгімелер аталымында І орын Дәуренбек Бұланбаевқа, ІІ орын (екеу) Жұпар Жақан мен Әлихан Құлжаға, ІІІ орын (үшеу) Кәмшат Танашева, Әнел Махмет, Ақбота Шәрбековаға бұйырды. Ынталандыру сыйлығын Айнұр Қуанбаева, Әмина Зекен, Зәмзәгүл Мауина еншіледі.
Марапаттау салтанатында көрермендер назарына жүлделі орынға ие болған авторлардың өлеңдері оқылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ