Поэзия

Бұл латында бар-ау ғажап жылылық

Көне түрік жазулары қайда әлгі,

Шырғалаңда басым неге айналды?

Жазу – сенен көрем қазақ даласын,

Әріп – сенен көрім менің айнамды.

 

Көне қазақ жазулары қалды ма?

Тасқа қашап жазған жоқты, барды да?

Нағыз қазақ Нәзір десе болғаны,

Төреқұлов келер көздің алдына.

 

«Латын!» деді ол,

«Латын!» деген сол еді,

Алты Алашты аппақ нұрға бөледі.

Байтұрсынов «бауырымдап»,

                                                  қасында –

Осы Нәзір Төреқұлов келеді.

 

Заман өтті, ағынды бір сел өтті,

Сойқан өпті, маңдайымнан жел өпті.

Түркі жұртқа ортақ қаріп керек-ақ,

Түркі жұртқа ортақ жазу керек-ті.

 

Осыны айтып өтті Нәзір шерменде,

Аласұрып, Бакуды асып келгенде.

Сол қәріпке қайта оралдық, япыр-ау,

Алла өзі аузына сап берген бе?

 

Кириллица – бостау екен тақымы,

Қазақ қайта түлеуге бір һақылы.

Әлем жұрты жазса латын қарпімен,

Алаш жұрты келді-ау соған ақыры.

 

Сөйле тілім, сөйле қайта құбылып,

Бұл латында бар-ау ғажап жылылық.

Жазуымды – жаһан жұрты түсініп,

Қарібім де тұрсын солай ұғылып.

 

Қарібім де, әрібім де осы деп,

Алаш алға баста, қамшы қос үдеп.

Тамыр тартып тоқтайтын

                                              бір кез келді,

Сандалып сан әліпбиге көшіп ек.

 

…Көне түрік жазулары қайда әлгі,

Шырғалаңда басым неге айналды?

Латын – сенен көрем қазақ даласын,

Латын – сенен көрсін менің айнамды.

 

 Азамат ҚАДІР.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button