ПоэзияРуханият

Карта ойыны

Ақырғы ойын – ақырғы заман тектес,
Ұтыс-тірлік осымен тәмәм деп шеш.
Қызыл көз боп мың жерден құныққанмен,
Құлқыңды құм көмеді, шамаң жетпес.

Шығарсың «ондығыңнан» лебіз күткен,
Пәрмен жоқ, «жетіліктен» мен үздіккен.
«Тұз-тарлан» сияқты еді соңғы үмітім,
Қор болды, аса алмай «сегіздіктен».

Сымбатты, болғанменен бар қызға бек,
«Тірілер тізімінде бармыз ба?!» деп,
«Тоғыздыққа» қарайлап қан жылады,
Ойынның бетке ұстары – жалғыз «валет».

Жоқ енді бәрімізде манағы ызғар,
Көзір құзыр жүргізіп санамызға.
Сабырлылық сардары деп таныған,
«Король-шалдың» күллі ойы – «дама-қызда».
«Поп валеттің» «крештен» талабы асқақ,
Мазақ қып «қарға», қарқ-қарқ – араласпақ…
«Түйе» келіп, түрткілеп титықтатты,
Жарым жанын қойған соң жалаңаштап.

«Асығың алшы түссе, алқынып қал,
Карта түгіл, адамнан да артылып па ар?!.» –
Дегендей, жай корольді аңдып отыр
Көзір боп күдірейген «алтылықтар»…

Карта ойыны…
Біреуге ол – таң қылықтай.
Ол да – өмір,
Ойнама салтын ұқпай…
Жолымды қиып кеткен пенделер бар,
«Тұзымды» қиған көзір «алтылықтай»…

Жанат ӘБДІҒОЖИН.

Басқа материалдар

Back to top button