Білім

Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек

Бұл кеш жүректің қылын шерткен, жан-дүниені тебіренткен, берері мол рухани кеш болды. Қарағандыдағы дәрігерлерді даярлайтын қарашаңырақ руханият жаршылары мен жанашырларының басын қосып, қазақ әдебиетінің ұлы классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойына арналған танымдық-сазды кеш өткізді. Елге белгілі өнер иелері мен болашақ дәрігерлер Шәкәрім өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әнін әуелетті, күй шертіп, көңіл серпілтті, сазды кештің шырайын ашты.

Мерейлі кеш басталмас бұрын, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен М.Әуезов атындағы қалалық орталық кітапхана студенттер үшін Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектерді, зерттеулерді кітап көрмесіне қойды.

– Шәкәрімнің «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» деген сөзін басшылыққа алып, студенттерді кітапхананың кітап қорымен таныстырып, ақын шығармашылығын насихаттауды мақсат еттік. Әр адамның жүрегінде Шәкәрім шығармаларының орны бар деп ойлаймын. Өйткені, ақын өлеңдері адамзатты ізгілікке, адамгершілікке шақырады. Шәкәрім еңбектерінің зерттелмегендері қаншама. Әлі де болса біз білмеген қырлары, ашылмаған сырлары өте көп. Келешек ұрпақ осыны зерттейді деген сенім мол. Ал, кітапхана сол жолда алтын көпір іспеттес. Алтын көпір арқылы ұлы тұлғалардың шығармаларын әрі қарай жалғастырса деген мақсатта келдік, – деді М.Әуезов атындағы қалалық орталық кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханова.

Ауқымды шараға облыс әкімдігінің өкілдері, есімі елге танылған азаматтар, ғалымдар мен ақындар, Қарағанды қаласының профессорлық-оқытушылық құрамы, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігімен, Шәкәрім атындағы гимназия өкілдері, облыстық, қалалық кітапхана ұжымы, ЮНЕСКО клубының №1 балалар музыка мектебі, сонымен қоса поляк, кәріс, литва, әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің басшылары және ардагер журналистер қатысты.

Қарағанды медицина университетіндегі Тілдерді дамыту орталығының басшысы Марина Әбілжанқызы мұндай шараны өткізудің мәні – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетін қалыптастырып, еліне, жеріне деген шексіз махаббат, соның негізінде ұлыларымызды ұлықтап, кешегі тарих пен бүгінгі болашақтың арасындағы үйлесімін табу екенін айтып өтті.

Университет студенттері, тіпті оқу ордасында білім алып жатқан үндістандық азаматтар да танымдық-сазды кеште Шәкәрім өлеңдерін оқыды, «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді қойды, ән шырқады, күй тартты, ұлттық би биледі. Одан бөлек, танымдық-сазды кештің 3 тілде өткенін айта кеткен жөн.

Есімі елге белгілі дәстүрлі әнші Дәуренбек Әркенов Абай әндерін әуелетіп, кештің шырайын келтірді.

Астана қаласынан арнайы келген Абай мен Шәкәрім мұрасын жаңа қырынан зерттеп, әдебиеттануға, тарихқа елеулі үлес қосқан ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Шәкәрім шығармашылығын зерттеуші Асан Омаров Сарыарқаның кіндігіндегі Арқа жұртының Шәкәрім мерейтойын республика көлемінде алғашқылардың бірі болып атап өтіп жатқанын айтып, мерейлі сәттің куәсі болғанына ризашылығын білдірді.

– Шәкәрім атамыз туралы монография да, көп мақала да жаздым. Адамның рухани кемелдікке келген шыңы – әулиелік болса, Шәкәрім сол шыңға жеткен адам. Қазақ тарихында Ахмет Ясауиден, кейінгі екінші адам саналады. Яғни Шәкәрім рухани шыңға жеткен, әулиелікке келген, періште сипатындағы адам. Абай шәкірттерінің ішіндегі ең көп жазғаны, ең көп жасағаны осы – Шәкәрім. Оның күрделі, шытырман оқиғаға толы өмірінен көп сериялы кино жасауға болады. Шәкәрімді ширек ғасыр еске алған жоқпыз, тіпті толық жинағы шыққан жоқ. Жарқын болашақта Шәкәрімді ұлықтау дәуірі басталады деп ойлаймын, – деді ғалым.

Танымдық кешке Қарағандыдағы Шәкәрім атындағы гимназия ұжымы да арнайы шақырылды. Мектептің Шәкәрім атын иеленгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен гимназия мұғалімі Наталья Журавлева білім ордасында жасалып жатқан игі істермен таныстырып, наурыз айында «Шәкәрім өсиеті – адалдық айнасы» атты Шәкәрімнің 165 жылдығына орай гимназияда облыстық құрылтай өтетінінен көпшілікті құлағдар етті.

Шара соңында кешті өткізуге атсалысқандардың баршасына, қатысушыларға Қарағанды медицина университетінің Алғыс хаты берілді.

Танымдық-сазды кештің көрермені болған Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт алған әсерін баяндады.

– Қазір ұлттық идеология ақсап қалды. Ұлт болып ұйысуда ұлттық рухты көтерудің маңызды екенін ел Президенті де айтқан болатын. Бүгін, міне, соның бір дәлелі боларлық, дәрігерлерді дайындайтын қарашаңырақ адамды рухани ауруынан айықтыратын әдемі, танымдық кеш ұйымдастырды. Жоғары деңгейде өткізгені үшін ұжымға рақмет айтамын. Өнерлеріне көңілім толды.

Біз облыстық телеарнада 35 жыл «Руханият» хабарын дайындадық. Қарағанды медицина университетінің бір кездері ректоры болған медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақаш Әлиакпаров салған Шәкәрімнің сериялы суреттері туралы хабар дайындадық. Қазір зейнеткер журналист Гүлнар Бұхарбаева ақын туралы хабар дайындаған болатын. Мақаш Тыныштықбайұлының Шәкәрімнің суреттерін салғанын ел біле бермейді.

Біз мектеп кезінде Шәкәрімді білмедік, шығармаларын оқыған жоқпыз. Ал, қазір тәуелсіз елде Шәкәріммен табысқан сендер бақыттысыңдар, – деді Әли Тойжігіт.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button