Бүгін – Абай күні
Бүгін – Абай күні. 2020 жылдан бері еліміз ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамызда Ұлы ақынның туған күнін мерекелік дата ретінде атап өтеді.
Қазақтан шыққан ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні туралы екі түрлі нұсқа тараса да, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында күнтізбеге бүгінгі айтулы мереке – Абай күні болып бекітілді.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі», делінген Үкімет қаулысында.
2020 жылы Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында әлемнің 70-ке жуық елі Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара өткізді.
Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, кемеңгер, данышпан.
“Қаншама ғасыр өтсе де, Абайым – мәңгі тірісің” демекші, Ұлы ақын ұлтына өшпейтін, өлмейтін мұра қалдырды.