АймақБұқар жырау

Бұқаржыраулықтар да белсенді

Облысымыздың Нұра мен Осакаров аудандарынан кейінгі астықты өңір – Бұқар жырау ауданы. Биыл мұнда 134,2 мың гектар жерге (соның 100,6 мың гектары бидай) дәнді дақылдар, 4,3 мың гектарға майлы дақылдар тұқымы егіліп, 1694 гектарға картоп, 198,1 гектарға көкөніс отырғызылған еді.

Егінді жинау науқаны ауданда 25 тамыздан басталып, қазірде қарқын алуда. Күзгі жиын-терін жұмыстарына аудан бойынша 245 комбайн (оның жетеуі жаңадан сатып алынған), егін басынан элеваторлар мен астық қоймаларына дән тасымалдау ісіне 500-ден аса көлік техникасы, картоп алқаптарында 20 картоп қазғыш пен 18 картоп жинайтын комбайн қатысып отыр.

Ағымдағы жылдың егін орағы науқанын сәтті өткізіп, мезгілінде жетіліп, піскен өнімді шашаусыз жинап, қамбаға құйып алу үшін 2620 тонна арзандатылған дизель отынын жеткізуді «Мұнай-Company» ЖШС мен «Trade Oil» мойындарына алған. Бұл екі оператор диқандарға дизель отынының әр литрін 245 теңгеден босатуда. Сондай-ақ, биылғы егіннің астығын қабылдап алуға сыйымдылығы 28 мың тонналық 1 элеватор («Нұра» АҚК» ЖШС) мен аудан шаруашылықтарында жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна болатын 97 астық қоймасы дайындалған.

Кешегі күнге дейін бұқаржыраулық диқандар 40 мың гектар жердің егінін орып, одан 48 мың тоннаның астығын жинап, бастырса, аудан бойынша оның өнімділігі гектарына орташа есеппен 12 центнерден айналуда.

Ал, жиналған 15 гектар көкөніс алқабының 6,5 гектарынан қызанақ, 8 гектарынан қияр, 0,5 гектарынан цуккини (асқабақ) өндіріліп, алынды. Картоп жинау жұмыстары енді басталуы тиіс.

– Ауа райының қолайлы әр күнін пайдалана отырып, біз астық жинауды 27 күнде, ал, картоп пен көкөніс жинау науқанын 20 күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Бұқар жырау ауданы ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиев.

Сонымен бірге, ауданда шөп шабу науқаны да қатар жүргізіліп, қазірге дейін жоспарланған 387,2 мың тонна шөптің 290 мың тоннасы шабылып, оның 200 мың тоннасы тиісті жерлеріне тасып алынған. Бұқаржыраулықтардың бұл міндетті де абыроймен орындарына күмән жоқ.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Бұқар жырау ауданы

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button