АқтоғайЖаңалықтар

Азия чемпионы – ауылда

Біріккен Араб Әмірлігінде бокстан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сенсация жасады. Сегіз алтынды еншілеп, Токио Олимпиадасынан ұнжырғасы түскен Алаш жұртының еңсесін көтеріп, көңілін бір серпілтіп тастады. Әсіресе, Ерасылдың тілеуін тілеп отырған Ақтоғай, Сарытерек ауылдарының еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейінгі қауымның қуанышында шек жоқ.

Дубайдан Балқашқа табаны тиген бетте Ерасылдың аузынан шыққан сөз «ауылға барамын» болыпты. Әйтпегенде, Ерасылдың балалық кезеңі сары белдегі Сарытерек ауылында өтті. Тоқырауын өзеніне шомылып, шыбығын ат қып мініп, асық атып, доп қуып өсті емес пе?! Жерлестері Ерасылды жақсы біледі.

Сарытерек – атасының, әкесінің кіндік қаны тамған атамекені. Чемпионды Сарытерекке алып ұшып келген де атамекеннің тартылыс күші болса керек. Ерім дейтін елі «Ерасыл елге келе жатыр» деген хабар алысымен, ауыл әкімі Қ.Серкебаевпен кеңесіп, «Бұл – бала Ерасыл емес, чемпион Ерасыл! Олай болса чемпионды лайықты қарсы алу керек» деп ұйғарымға келген. 11 қыркүйек күні Сарытерек халқы жергілікті клуб үйінің алдында жиылып, Ерасылды бапкері Амангелді Маканалинмен бірге шашу шашып, тайлы-таяғымен қарсы алды. Ауылдастары Азия чемпионының алдынан ер-тұрманды сәйгүлікті көлденең тартты. «Азия чемпионы ауылға келе жатыр» дегенді естіген аудан басшылығы да қамсыз жатпапты. Аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов Алаштың айтулы ақыны Б.Мүбәрак пен осы жолдардың авторын қасына ерте шыққан. Сонымен қатар, мәслихат хатшысы бокстың һас маманы, есімі елге танымал бапкер А.Маканалин мен Ерасыл Ермекке аудан әкімінің құттықтау хаты мен тарту-таралғысын ала келген.

Сарытерек клуб үйінің алдындағы жаздық сахна төрінде Р.Әбеуов чемпионды құттықтап, ақын Б.Мүбәрак өлең оқып, Ерасылға ұлы нағашысы Әжібек ақсақал мен әжесі Кәкіжан кейуана ақ батасын берді.

Осылайша, Азия чемпионы өз елі, өлең төсегіне келіп, төбесі көкке жеткенше ауылдастарының ықылас-пейіліне шомылды. Ерасыл үшін мінген аты, киген шапаны емес, ауылдастарының өзіне деген шексіз қошемет-құрметі маңызды болған секілді. Біз Сарытеректе өткен шарадан «Елім десең, Ерім дейтін Елдің барына» көзімізді жеткізіп, марқайып қайттық.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button