Ажарлы аялдама – күй төккен баяу ғана
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Балқаш қаласының әкімдігі шаһардағы аялдамаларды қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып отыр.
Қазіргі кезде қала аялдамалары ұлттық нақыштағы оюлармен безендіріліп, «ел» деп еселі еңбек еткен жандардың суреті бейнеленіп, өнегесіне өскелең ұрпақ сусындауда. Сонымен қатар, жуырда музыкалық аялдама пайда болды. Мәдениет сарайының оң қанатында орналасқан аялдамаға күйші Мағауия Хамзиннің өмірбаяны, тұлға туралы ақындардың жазған өлеңдері орналастырылған. Аялдаманың басты ерекшелігі, қоғамдық көлікті күткен жолаушы Мағауия Хамзин жайлы тек оқып қана қоймай, оның күйлерін де тыңдай алады. «Қоңыр қаз», «Бестөре», «Жайлау», «Белгісіз солдат» шығармаларын балқаштықтар күн сайын сағат 11:00 мен 18:00 аралығында тыңдай алады.
Автобус аялдамасы – шағын сәулет нысаны. Оның мақсаты – қоғамдық көліктерді ыңғайлы күтуге жолаушыларға жағдай жасау, сондай-ақ, қала көшелеріне көрік беру. Оның ішінде, Елбасы мақаласына негіз болған рухани жаңғырудың бір тетігі – өткеннен өнеге теріп, асылдарымызды ардақтау екендігін акцияны ұйымдастырушылар атап өтті.
– Қазақ халқы қай кезеңде де ұлт көшін өрге сүйреуші зиялылардан кенде емес. Ал, оларға деген құрмет белгілі бір шараның төңірегінде шектеліп қалмай, былайғы тіршілікте де анық сезілуі тиіс-ті. Бұл ретте Балқаш қаласында игі бастамалар баршылық. Шаһарымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарыққа шыққанына 4 жыл толуына орай, №1 орта мектеп маңындағы аялдама да безендірілді. Бұған қаланың ұстаздар қоғамдастығы мұрындық болды. Онда Ақтоғай өңірінен шыққан Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков туралы мәліметтер жазылған. Қала қонақтары да арнайы QR код арқылы тұлғалардың өмір дерегін оқып, еңбектерімен етене танысады. Естеріңізге сала кетейік, биыл шаһарымызда 4 мәдени аялдама пайда болды. Оның екеуі ғұлама әл-Фараби мен ұлы Абайдың құрметіне безендірілген болатын. Енді, сол қатарды күйші Мағауия Хамзинге арналған музыкалық аялдама толықтырып отыр, – дейді Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова.
Айта кетейік, акция барысында аялдамаларды безендіру қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен жалғасатын болады. Жыл соңына дейін тағы 26 аялдама безендіріліп, онда фотосуреттер, қысқаша өмірбаяндық мәліметтер, тұлғалардың еңбектері қамтылады.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.