Білім

Семейдегі білім сайысы

Ұлылар мекені аталатын Алаш астанасы – Семей қаласында 25-26 сәуірінде жоғары оқу орындары студенттері арасында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай ұйымдастырылған XV Республикалық пән олимпиадасы өтті. Оған әр өңірдегі 19 жоғары оқу орнында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер білім сынасты. 57 жас қатысқан білім додасында әр студенттің білім-біліктілік дәрежесі ғана емес, жоғары оқу орнының абырой-атағы да сынға түсті.

Дәстүрге айналған сайыстың мақсаты – «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің әдеби-тілдік, ғылыми-танымдық, оқыту әдістемелік білімдерін анықтап, ақыл-ой әлеуетін тереңдетуге жол нұсқау. Пәндік олимпиада үш кезеңнен тұрды: 1-кезең – «Қазақ тіл білімі», «Әдебиеттану» бағыттары бойынша 30 сұрақтық тест тапсырмаларын орындау; 2-кезең – Кешенді лингвистикалық  және әдеби-теориялық талдау; 3-кезең – Жаңашыл сабақ беру үлгісін көрсету.

Сайыс оңайға түспеді. Әр жоғары оқу орны өзінше мықты, мүмкіндігінше жақсы дайындықпен келгені байқалды. Қазақ филологиясының қара шаңырағы болған Алматы, қазақтың інжу-маржаны – Шығыс Қазақстан, қарт Каспий, Еділ мен Жайықтың үні естілетін сонау Батыс Қазақстан секілді өлкелерден келген оқу ордаларынан небір озық, университеттерінің бетке ұстар студенттері жиналған сындарлы сын додасы болды. Олимпиадада Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, филология факультетінен біз де бағымызды сынадық. Арқа жерінің намысын ту етіп көтерген біз тыңғылықты  дайындықпен сайысқа түстік. Алыс сапарға дайындап, өзімізбен бірге аттанған, қолдау көрсетіп, жетекшілік еткен – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Қожахметұлы Смағұлов.

Алғашқы кезең – тест тапсыруда 180 ұпайдың 131-ін жинап, бізге топ жарып алға шығу бұйырды. Айта кетейік, білімді де білікті топ ретінде алғашқы сайыстан-ақ көзге түсіп, үш кезеңде де бірінші орынды өзгеге бермедік. Сайыс нәтижесінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен филология факультетінің командасы, кіл жүйріктерді басып озып, жүлделі І орынды иелендік. Университет атағын алғаннан бергі елу жылдан астам уақыт тарихында біздің оқу орны бір де бір рет «Қазақ тілі мен әдебиеті»  мамандығы бойынша осы пәндік олимпиаданы ұйымдастырып өткізу құрметіне ие болмаған екен.  Келесі жылы XVI Республикалық пән олимпиадасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтетін болады.

Біздің мақсат – ұстаздарымыздың маңдай терін ақтап, берген  білімді абыроймен атқару болғандықтан, жетекшіміз – Жандос Қожахметұлына және олимпиадаға дайындаған барша ұстаздарымызға, филология факультеті, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі кафедраларының мұғалімдеріне шәкірттік зор алғыс білдіреміз. Студенттердің қандай да бір жетістікке жетуі – ұстаздың арқасы.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің алар асулары мен бағындырар белестері көп болсын. Студенттер университет атын шығарып, жеңістен жеңіске жете берсін деп тілейміз!

Айдана БАЛТАБАЕВА,
Махаббат БЕЛГІБАЕВА,
Дана БАҚЫТҚЫЗЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің ІІІ курс студенттері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button