Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация жасалады
Денсаулық сақтау министрлігі кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылық жасағаны үшін сотталғандарға химиялық кастрация қолдану тәртібін бекітті. Ережеге сәйкес бұл процедура сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарынан босатуға алты ай қалғанда жүзеге асырылады.
Бекітілген ережеге сәйкес, түзету мекемесінің әкімшілігі жазаның аяқталуына 12 ай қалғанда сотқа материалдарды жолдап, сот-психиатриялық сараптама тағайындауға міндетті. Сараптама нәтижесінде сотталған адамның психикалық ауытқулары мен сексуалдық зорлыққа бейімділігі анықталады.
Айта кетсек, жаңа талаптар психикалық ауытқуына байланысты медицицналық мәжбүрлеу шаралары қолданылып жатқан сотталғандарға жүрмейді.
Аталған бұйрық 17 қазаннан бастап күшіне енеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы 2 жылда, нақты айтқанда 2023 жылы – 40, ал 2024 жылы 56 адамға химиялық кастрация тағайындалған. Бүгінде химиялық кастрацияны 53 адам алады.
Жамал АКПАРОВА



