Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге болады
Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге болады. Бұл туралы елімізге ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
– Сіздің сапарыңыз аясында Жоғары мемлекетаралық кеңес құруды бекітетін боламыз. Бұл екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін берері сөзсіз. Біздің сауда-экономикалық өзара іс-қимылымыздағы айтарлықтай ілгерілеушілікті де зор қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. Тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Экономикалық әлеуетімізді мүмкіндігінше толыққанды ашып, бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізе аламыз деп сенемін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, ИТ, ауыл шаруашылығы өнеркәсіп және басқа да салаларда байыпты қор бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыс та рет-ретімен нығайып келе жатқанын баса айтты.
– Бұл ретте басты байланыстырушы буын ұлты әзербайжан 120 мың азаматымыз бола алады және олардың бір бөлігі бүгін көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің атындағы көшенің ашылуына қатысады, – деді Қазақстан Президенті.