Қазақстан Азия ойындарында тағы 4 қола медальға қол жеткізді
Ұлттық құрама Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының кезекті жарыс күнінде жүлде жинауды жалғастыруда.
Семсерлесуден ерлер құрамасы (Артем Саркисян, Мұхамедәлі Рахманәли, Назарбай Саттархан, Жанат Нәбиев) командалық бәсекеде өнер көрсетіп, жартылай финалда әлемнің үздіктерінің бірі саналатын Оңтүстік Кореяға 41:45 есебімен жол берді.
Әзірге Қазақстан құрамасы семсерлесуден 2 қола жүлде жеңіп алды. Айта кетейік, Артем Саркисян қарағандылық спортшы.
Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындары аясында ерлер арасындағы жағажай волейболынан жұптық бәсекеде Дмитрий Яковлев/Сергей Богату Иран спортшылары Алиреза Агажанигасаб/Аббас Поурасгариді 2:0 (25:23, 30:28) есебімен ұтты. Еліміздің қоржынына тағы бір қола медаль түсті.
Таеквондодан 67 келі салмақта бақ сынаған Жансель Дениз жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Дабин Лиге 1:2 есебімен ұтылып, 3-орынға ие болды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz