«Қазақшаң қалай, балақай?»

    Қазіргі таңда қала балабақшаларындағы бүлдіршіндер мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ойын жеңіл әрі еш қиындықсыз жеткізе алады. Осы мақсатта бүлдіршіндер арасында Х қалалық дәстүрлі «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауы өтті.

Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған байқауға қатысушылар Қазыбек бидің 350 жылдығына орай қойылымдар ұсынды.

Жалпы, сайыс – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және өзге ұлт бүлдіршіндерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықыластары мен қызығушылықтарын арттыру, ұлттық патриотизмді дамыта отырып, тәлім-тәрбие беру және тарихымызды ұлықтау мақсатында өтті. Мерекелік шараға іріктеу турына қатысқан 43 топтың ішінен үздік деп танылған 10 балабақшаның тәрбиеленушілері қатысты. Мемлекеттік тілде Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына қатысты көріністер көрсетіп, ән мен биді нақышына келтіре орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді. Бүлдіршіндердің сөз шеберлігі, сахна мәдениеті, тіл тазалығын қалалық әкім аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік саланы үйлестіру бөлімінің мамандары, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері бағалады. Бас жүлдені «Алтын сақа» балабақшасы қанжығасына байлады. І орынды – «Алпамыс» балабақшасы, ІІ орынды – «Бәйтерек» балабақшасы иеленсе, «Алтынай» балабақшасы ІІІ орынға қол жеткізді.

Сонымен қатар, байқауда «Балауса» балабақшасы – «Ең үздік ән», «Балбөбек» балабақшасы – «Ең үздік таныстыру», «Толағай» балабақшасы – «Әдет-ғұрып сақшысы», «Алтын бесік» балабақшасы – «Ең үздік ертегі қойылымы», «Таңшолпан» балабақшасы – «Тарих жаршысы», №41 шағын орталығы – «Көрермендер көзайымы» аталымында үздік деп танылды.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.