«Ауылына қарап…»

Ақтоғай ауданы бойынша «Туған жер» бағдарламасы аясында 2017-2022 жылдары жүзеге асырылатын, жалпы құны 320 миллион 300 мың теңгелік 24 жоба облыстық тізімге тіркелген. Жетеуіне жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Қалғаны – демеуші есебінен. Демек, ауданауыл азаматының қаражатына қарап тұр. Оның мөлшері – 143 миллион 500 мың теңге.

Менің пайымдауымша, рухани әлеуеті мен көлемі жағынан қомақтысы – аудан орталығында салынып жатқан 200 адамдық мешіт. Ал, оны қолға алып, қаражатын көтерген – кәсіпкер, іскер азамат, «Ақтоғай өнімдері» ЖШС директоры Саяхат Ыбышев. Амандық болса, имандылық үйі есігін айқара ашатын уақыт алыс емес.

Демеушілер дем берген тағы бір игі шаруа – шалғайдағы елді мекенді ұялы телефон байланысымен қамтамасыз етуге жасалған қадам. Білек біріктірген бизнес әлемінің оғландары мен шаруа қожалығының жетекшілері бұл бағытта біраз істің басын қайтарып үлгерді.

Былтыр желтоқсанда «Қызыларайға» қарайтын бір қауым ел байланыс қиындығынан құтылып, «Belline» қызметін пайдалана бастады. Биыл қаңтарда «Қусақ» пен «Қарабұлақ» қосылды. Енді мұнарасын тұрғызып, электр қуатының желісін тартқан «Шабанбай би» мен «Сарытерек» ауылы байланыс операторының келісімін күтіп отыр.

Жалпы «Туған жер» бағдарламасы іштей төрт тармаққа бөлінеді, олар: «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны». Осының бюджеттен қаржыландырылатын бастапқысына байланысты бірер сөз. Ол үш жобаны қамтиды.

Біреуі – «Шабанбай би» ауылындағы аудан мектептеріне ортақ «Жас турист» маусымдық шатырлы лагері. Ә.Ермеков атындағы мектеп жанынан биыл ашылған онда жаздай жүз баланың дем алып, уақытын тиімді пайдалануына толық мүмкіндік бар.

Қалған екеуі белгіленген кестеге сәйкес кезең-кезеңмен 2022 жылға дейін жүзеге асырылады. Олар: ауданда білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыруды қамтитын «Цифрлы Қазақстан» мен мәдени-көпшілік шара өткізу арқылы талантты жасты қолдау көзделген «Қосымша білім және бала».

Он алты жоба ойластырылған «Атамекен» туралы да айта кеткен артық болмас.

 Былтыр балқаштық бизнесмен, осы ауданның тумасы Ержан Нұртазин «Шабанбай би» аулында Әлімхан Ермеков атындағы мектептің алдына мемлекет және қоғам қайраткерінің қымбат тастан қашалған мүсінін орнатты. Ал, тағы бір балқаштық бизнесмен, осы мектептің түлегі Азамат Төребеков заманауи үлгіде кабинет жабдықтап берді.

 Қызметін қаузамай-ақ, аты-жөнін айтсаң болды, ел елең ете қалатын меценат Бекзат Алтынбеков зейнеткер ұстаз, өлкетанушы Торғай Ақпанбаеваның «Суырыпсалма, жезтаңдай айтыскер ақын Шөже Қаржаубайұлының шығармашылығы жайындағы зерттеу» атты жинағының баспадан жарық көруіне жәрдемдесті. Енді «Жидебай» ауылындағы Қазыбек Нұржанов атындағы мектепте заманауи құралмен жабдықталған кабинет ашудың қамында жүр.

«Қызыларайда» былтыр біраз шаруаның басы қайтарылды. Ауыл тарихын, табиғатын, танымал тұлғасын дәріптеу мақсатында тұрғындар өз қаражатына энциклопедия мен ән жинағын шығарды. Олар ұялы телефон байланысын орнатуға да ұйымшылдықпен ат салысты. Өткен жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасын қалаған «Жібек жолы» ЖШС директоры С.Қасымбеков биыл құрылысты одан әрі жалғастыруда.

Биыл ауданның құрылғанына – 90 жыл. Тоқсан жылдық тарихты қамтитын энциклопедия бүгінде баспада жатыр…

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.