Руханият

Ауылы азаматын ардақтады

Ауданымыздан түлеп ұшқан тұғырлы тұлғалар мен жампоз жандардың жұртшылықпен кездесуі тұрақты түрде ұйымдастырылып, өнер мен мәдениетті, мемлекеттік тілді дамыту, туған жер дарабоздарын жас ұрпаққа таныту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Жуырда аудандық орталық кітап­ханада жерлесіміз, Шет ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Педогогикалық ғылымдар акдемиясының Құрметті академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мәдениет қайраткері, мемлекеттік және салалық бірқатар марапаттың иегері Мәуен Хамзинмен кездесу өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Артық мақтан, даңғазадан бойын аулақ ұстайтын, қарапайым азамат алдын ала хабарласқанымызда ыңғай білдіре қоймаған-ды. Алайда, кездесуге жиналған жұртты көріп, қатты толқыды. Орталықтандырылған кітапхана ғалымның өмір жолы, жарияланған монография, оқулықтары және басқа да еңбектерін көрсетіп, тамаша көрме ұйымдастырды. Кеш «Тұғырлы тұлға тағылымы» деп аталды. Кеш қонағы белгілі ғалымдардың шығармалары мен өз еңбектерін кітапханаға сыйға тартты.

Басынан кешкен тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталып, негізгі әңгіме желісі «Адам – уақыт – қоғам» үштағаны төңірегінде өрбіді.

«Адам – періште емес, пенде, демек, мен де сол пендешілікпен өзімді айрықша мақтағанға бас­қа өңірлерде ептеп масаттанып, тәкаппарлансам, сіздердің орталарыңызда бетегеден биік, жусаннан аласамын. Себебі, бұл – менің өз ауылым, осы жасқа келгенімше талай жанды көрдім. Үлгі алдым, өмір мектебінен өттім, олар туралы айтайын», – деп әңгімесін бастаған ғалымның әңгімесі өте тағылымды, қызықты, әзіл-қалжыңға толы болды.

Бір сағатқа жоспарланған кештің екі жарым сағатқа созылғаны байқалмай да қалды. Кезінде «Ғалым Хамаң» атанған, имандылықты насихаттап, небә­рі елу бес жасында өмірден оз­ған, қиссаларды жатқа айтқан зерделі әкесі мен бүкіл, ұрпағын ер жеткізіп, ел қатарына қосқан аяулы анасы туралы айтқаны, тура сондай тағдыр иелері болған қариялардың рухына арналған ескерткіштей еді. Ғалым өзін филология саласына жетелеген Сәулебек Жүнісов, Марс Төлеуқұлов сияқты, Кеншоқы мектебіндегі, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептегі ұстаздарын елжірей еске алды. Ұлттық әдебиеттану ғылымының әйгілі марқасқалары, әсіресе, ұстаздары, ғылыми жетекші, кеңесшілері Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдоловтарды айта келіп, қоғамның қозғаушы күші – ғалым, қайраткерлердің рухына басын иіп, тағзым етті.

Тәуелсіз елдің білімі мен ғылымы, олардың ел өмірінде алатын орны, материалдық игіліктің алдыңғы қатарға шығып, рухани құндылықтың кейінгі сырғуы, әлем елдеріндегі қалыптасып отырған қауіпті жағдай бәрі де сонау ықылым заманнан бері ымырасыз шайқаста жүрген жақсылық пен жұлымдық ұғымдарының текетіресіне өз тарапынан тың ойлар айтты. Емен-жарқын, ашық сипатта өткен кездесу кеші есте қаларлықтай болды. Ел ағалары Боранбай Жұмкин, Ертай Жәнібеков, Әділ Смағұлов, танымал ұстаз Манап Әбдрахманова, сыныптастары Қайролла Сәрсембеков, Егінбай Кенжебаев және басқалар сөз сөйлеп, ақ тілегін жеткізді. Ақын Тезекбай Амандықұлы Мәуен аға жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді. Әр адамның өмірінде естен кетпес сәулелі сәттер болады.

Мәуен Хамзаұлы Жезқазған пединститутында (қазір А.Байқоңыров атындағы университет) істеп жүргенінде, Алматыға барып, ҚКП ОК хатшысы, асыл азамат Өзбекәлі Жәнібековке кіріп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ашылуына қол жеткізгенін, өзі декан, кафедра меңгерушісі болып жүргенінде тамаша шәкірттердің түлеп ұшқанын, сол өзі құрған кафедрада істегендерден қазірде 4 ғылым докторы, 8 ғылым кандидатының шығуына қолдау көрсеткенін, ақын, ғалым, қаламгер Ғазиз Ештанаев, Кенжебай Ахметовтермен қызметтес болғанын мақтанышпен айтты.

Света, Ерсін, Жансая, Әнуар, Гүлмира, Айдос, Бақыт, Нұрлан, Айгүл, Жанна, Айман, Мәдинат, Алтынай және басқа да шәкірттерін мақтан тұтатынын жеткізді. ҚарЗУ, ЕҰУ, «Bolashaq» ака­демиясында өзі дәріс берген танымал түлектері туралы ой толғады.

Кездесуде «Кеншоқы – кием менің!» (әнін жазған Б.Қалиев, сөзін жазғандар: М.Хамзин, Ғ.Ештанаев) әнінің тұсауы кесілді. Бүгінде танымал ұстаз-педагогқа айналған Бану Түсіпханова, Айгерім Бөлкенбаева, Гүлмира Сағындықова, Жанна Рашидова сынды шәкірттері ғалым ағаларын құттықтап, мерейін тасытты.

Кеш соңында Мәуен Хамзаұлы аудан әкімі Мұхит Мұхтаровқа, орынбасары Дәурен Кәрсембаевқа, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметовке, аудандық орталықтандырылған кітапхана ди­ректоры Мейрамкүл Нұрпейісоваға, кешті тамаша жүргізген Азамат Нұрахметовке және өзге де азаматтарға, алғысын жаудырды.

Гүлзада МАХМУТОВА,
Шет ауданы мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және бөлімінің бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button