Жаңалықтар

Ауыл әкімі мен оның аппаратына қосымша функциялар берілмек

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын таныстыру кезінде «Бюджеттің IV деңгейіне қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарланып отырғанын» айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

– Жалпы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімнің және оның аппаратының бұрыннан бар функцияларын ескере отырып, заң жобасы аясында ауыл әкімі мен оның аппаратына тиісті қосымша функциялар беру ұсынылып отыр. Бұл тұрғыда көрме-жәрмеңке қызметін ұйымдастыру және көше саудасының мониторингі (аудандық деңгейден), коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру, балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтардың қауіпсіз болуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз ету (аудандық деңгейден), тұрғындарға ақылы негізде қызмет көрсету сияқты функциялар ескерілген, – деді Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында бюджеттің IV деңгейіне қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарланып отыр:

– облыс мәслихаты бөлетін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының 50%-ы;

– жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым (бензинді, дизель отынын, экологиялық отынды көтерме және бөлшек саудада өткізу және басқа да өнімдер);

– жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы;

– су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем.

– Сонымен қатар, әкім аппараттарына ақылы қызметтерді іске асыра отырып, ауыл бюджетін көбейтуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін әкім Кеңеспен (ауылдық округ кеңесі) келісім бойынша коммуналдық кәсіпорын құру немесе еңбекақы төлеудің кесімді жүйесімен қызметті жүзеге асыратын тиісті мамандарды тікелей жалдау арқылы қосымша жұмысшыларды тарта алады. Мәселен, әкімге Кеңеспен келісім бойынша қажетті арнаулы техниканы өз балансына сатып алуға немесе тиісті техникасы бар жергілікті тұрғынмен (кәсіпкермен) шарт жасасуға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, Кеңес бекіткен тариф бойынша осы қызмет әкім аппараты атынан ауылдың басқа тұрғындарына немесе ұйымдарына да көрсетілуі мүмкін, – деді вице-министр.

Оның пайымынша, бұл қадамдар жедел түрде кадр тапшылығын шешуге және әкім аппаратының өкілеттігі шегінде жекелеген қызметтерді орындау үшін ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button