Ақтоғай

Ауданда алға басу бар

    Бейсенбі күні Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатына қатысты. Брифингте Ақтоғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ондағы мемлекеттік бағдарламалардың аяқ алысы туралы баяндады. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Ақтоғай ауданы – аймақтағы, негізінен, ауыл шаруашылығы саласына маманданған іргелі аудан. Десек те, кейінгі жылдары өндіріс саласы да өркендеп келеді. Соның бір жарқын мысалы – «Алтыналмас» АҚ. Индустриаландыру картасы аясында 2014 жылы ашылған кәсіпорын алтын өндіруге маманданған. Аудандағы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 89,8 пайызын құрап отыр. Былтыр 2068 келі алтын шығарды. Яғни, 28 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бүгінде мұнда 517 адам еңбек етеді. Оның алпысқа жуығы – ақтоғайлықтар.

Кәсіпорын да биыл да былтырғы межені бағындыруды ойластыруда.

Ауданның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығында айтар­лықтай даму байқалады. Мә­селен, өткен жылы салада өндірілген өнім көлемі 12 млрд. 216 млн. теңгені еңсеріп, жоспар 2015 жылмен салыстырғанда 129,8 пайызға орындалған.

Мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлінуде.

Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ауданда 647 ірі қара малы сатып алынды. Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша аудан­дағы фермерлер 1085 қой жеткізген. Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасының арқасында асыл тұқымды жылқы саны 172 түлікке көбейіп отыр.

Ет экспорты әлеуетін күшейтуге күш салынуда. Аудандағы шаруашылықтар былтыр 50 тонна етті сыртқа шығарған.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру жұмыстары қолға алынуда. Өткен жылы ауданда 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Олар – Абай ауылдық округіндегі «Алаш-Агро», Қызыларай ауылдық округіндегі «Ақжарық», Сарытерек ауылдық округіндегі «Береке-Бірлік», «Құт-Береке» кооперативтері. Алдағы уақытта осы кооперативтер аясында жеке кәсіпкерліктер жұмысын жолға қойып, жеке аулалар мен ұсақ шаруашылықтарды біріктіре отырып, мемлекеттік қолдауларды пайдалану – алдағы маңызды міндеттердің бірі болып табылуда. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында Шабанбай би ауылдық округінде кооператив ашу жоспарда бар.

Сондай-ақ, Ақтоғай ауданында көмірлі өлке үшін таңсық шаруашылықтар қолға алынуда. Соның бірі – бұғы шаруашылығы. Ауданға қарасты Кежек селолық округіндегі «Ақтоғай мал өнімдері» ЖШС осы салада бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Құны – 472 млн. теңге болатын жоба он жылға жоспарланған. Туристерді тартуда да бұл жобаның маңызы зор болмақ.

Бұдан бөлек, бөдене өсіру ісі өркендеуде. Тасарал ауылында 1,5 мың бөдене өсірілуде. Жылына жарты миллион жұмыртқа шығаруға қауқарлы бұл шаруашылықтың өнімін облыс көлеміндегі сауда үйлерінен еркін таба аласыз.

Былтырдан бері ақтоғайлықтар қоян өсіруге дендеп кірісуде. Аудан орталығынан ферма ашқан кәсіпкер былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2,6 млн. теңге несие алып, кәсібін дөңгелетуде.

Өткен жылы Ақтоғай аудандағы Үшарал ауылында күйдіргі (сібір жарасы) ошағы анықталғаны белгілі. Бұл орайда, аудан әкімі мал дәрігерлері мен ауыл тұрғындарының малға екпе жұмыстарын жүргізу сәтінде салғырттық танытқандығын айтты. Сондықтан, өткеннен сабақ алған аудан басшылығы саладағы жұмыстарды ширатып, әр елдімекенде кем деген екі мал қорымын ұйымдастыруды қолға алуда.

Халықты ауыз сумен қамтуда айтарлықтай жұмыстар қолға алынбақ. Биыл республикалық бюджеттен «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы Қарабұлақ, Ортадересін және Тораңғалық ауылдық округтерінде 672 млн. теңгеге және жергілікті бюджет есебінен Тасарал ауылдық округінде 83 млн. теңгеге су тартылады. Аудан бойынша 16 елдімекен сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.

Аудан ішіндегі жолдар жөнделмек. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 85 млн. теңгеге Нарманбет – Айыртас бағытындағы көтерме жолдың жөндеу жұмыстарына сұраныс жасалған. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 8,9 млн. теңгеге Ортадересін бағытында және 5,1 млн. теңгеге Тасарал бағытындағы көтерме жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Баспасөз мәслихатында Сарышаған кенті тұрғындарының да мұңы ескерусіз қалмады. Аталған кенттің №3 шағын ауданындағы көпқабатты үйлер тұрғындары көмірдің уақтылы жеткізілмеуіне шағым айтқан еді. Аудан әкімі бұл ақпаратты растады.

«Осы мәселені шешуге байла­нысты Кузнецкий разрезімен келісім-­шарт жасалды. Көмір теміржол­мен тасымалданатындықтан, вагондар жетіспеуі салдарынан кестеге сай жеткізілмей отыр. Әр келгенінде 5-6 вагон көмір әкелінеді. Бұл – 1-1,5 айлық отын қоры», – деді өз сөзінде аудан басшысы.

Малды өңірлерде басты проблема – мал ұрлығы екені бесенеден белгілі. Ақтоғай ауданында ұрылардың жолын кесуде тиімді шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жергілікті полиция қызметі әр ауылда құрылған «Сарбаз» топтарымен бірлесе мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button