Білім

Аттестаттау жайлы айтар сөз

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы бері мұғалімдердің қоғамдағы орны айшықтала түсті. Дегенмен, оларға қойылатын талап та күшейді. Аттестаттау кезінде көп мұғалім тестілеуден өте алмай қалып жатыр. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында айтқан болатын. «Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы.
Педагогтерді аттестаттау бойынша тестілеу науқаны аяқталып та қалды. Тестілеуден өткендер де, өтпегендер де бар. Ал, биыл шекті балл жинай алмаған педагогтерге қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Біз осы орайда аймақтағы тест тапсырып жатқан педагогтердің ой-пікірін білген едік.

Мемлекет басшысының сөзінен кейін Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау ережелеріне өзгеріс енгізгенін хабарлады. Атап айтқанда, «Пәндік білім» блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, «Оқыту әдістемесі» блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауап таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталған. Оған қоса, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда тестілеуден босатылып, аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал, егер көп жыл еңбек өтілі бар мұндай мұғалімдер біліктілік санатын жоғарылатқысы келсе, аттестаттаудан жалпы негізде өтеді.

Елімізде 3-22 сәуір аралығында педагогтерді аттестаттау бойынша тестілеу өткізілді. Тестілеуде өз пәнінен емес, педагогикадан балл жетпей қалды деп жүргендер көп. Мәселен, Айгүл есімді мұғалім әлеуметтік желіде былай деп жазыпты: «Екінші мүмкіндігімді пайдаланып тапсырып едім, педагогикадан тағы 1 балл жетпеді. Қатты қиналдым. «Педагог-зерттеуші» санатымды қорғаймын деп жүріп бір саты төмен түсіппін. Мына өзгерістер ұстаздарға тиімсіз. Шекті балды тағы да азайтуыңызды сұраймыз» депті.

Ал, Қарағанды қаласындағы мектептердің біріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлім Айдынбекова (аты-жөні өзгертілді) «педагогтің дайындығы мығым болса ғана, тестілеуден өтеді, тек дайындалу тетігін таба білу керек» дейді. Ол өзі де аттестаттаудан мұқият дайындықпен өтіпті. Дегенмен, білікті де тәжірибелі мұғалімнің тестілеуге қатысты айтар ұсыныстары да бар:

– Мұғалімдерге биылғы аттестацияда өзгерістер болатындығы алдын ала хабарланды, яғни сұрақтар санының, шекті балдың азайғандығы туралы бұйрық жарияланды. Қазіргі уақытқа дейін әр мұғалім өз пәні мен педагогикадан тест тапсырып келсе, енді педагогика емес, оқыту әдістемесінен де сұрақтар болатынын мұғалімдер білді. Олардың көбісі оқыту әдістемесінен қалай дайындалу керек, қандай ғылыми еңбектерді пайдалану керек екенін білмей дағдарып қалды. Тіпті, небір орталықтардың ақылы дайындық курстарына қатысып, сан соғып қалғандары да бар. Тест құрастырушылар ойдан жаңалық ашпайды, белгілі ғылыми еңбектерге сүйеніп жасайды, сол сияқты ұстаздарға да сол еңбектер алдын ала ұсынылса жақсы болар еді. Керісінше, мұғалімдердің білімі жетіле түспей ме? – деді мұғалім. 

Сонымен қатар, «педагогтерге талап жоғары болғанымен, сұрақтарды жаңылтпаш секілді құраудың аса қажеті жоқ» дейді ол. Белгілі ақпараттан термин шығарудың да қажеті жоқ екенін айтты.

«Көп әріптестер МАН-мен (мұғалімдерге арналған нұсқаулықпен) дайындалды. Оқыған сайын санаңда жаңғыра береді. Осы тесттен өту барысында мұғалімдердің бірін-бірі қолдауы мықты болды», – дейді Гүлім Жағыпарқызы.

Тестілеуден өтпеген мұғалімдердің санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, осыған дейін білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова тестілеуден өте алмаған мұғалімдерге қайта тапсыруға мүмкіндік берілетінін хабарлаған болатын. Олар 6-19 шілде аралығында тестілеуден қайта өте алады. Ал, аттестаттау комиссияларының қорытындысы биыл 15 тамызда шығады.

Бір нәрсе анық: Мұғалімнің біліктілігін арттыру, тексеру білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Сол себепті бұл талап орынды. Ал осы талапты жүзеге асыратын аттестаттау жүйесі тест құраушылар мен мұғалімдердің арасында сауатты диалог орнағанда, кәсіби талдау мен пікір-талас жүргенде жетіле түседі.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button