Бас тақырып

Қатерлі ісікті қас-қағым сәтте анықтайды

Қарағандылық өрендер жыл өткен сайын IT-жобалар жасауда өзгелерден көш ілгері екенін байқатады. Жақында Digital Almaty алаңында таныстырылған қарағандылық Әлмұхамед Әмитовтің OncoZeroAi жобасы көптің көзайымына айналды.

Суреттер: Baribar.kz сайтынан

Идея авторлары Әлімжан мен Әлмұхамед адамдар компьютерлік томографияға (КТ) түскеннен кейін, дәрігерлер ісікті бірден анықтай қоймайтынын байқаған. Екеуі бірігіп қатерлі ісікке қатысты деректерді жинау арқылы модельге жасанды интеллектіні оқытуға кіріскен.

– Жасанды интеллектіні оқыту үшін LiTS17 датасетін қолдандық. Бұл – бауырдың қатерлі ісігі бойынша стандарт деректер жиыны. Датасетте әлем бойынша түрлі клиникалық орталық ұсынған КТ-суреттер жиналған. Дерекқорда 130-дан аса сурет бар. Бұған қоса өзге де емханаларға өзіміз хабарласып, дерек сұраттық. Осылай, жасанды интеллектіні оқытуға шамамен шынайы 1000 КТ-сурет қолданылды, – дейді жоба авторлары.

LiTS17 дерекқорында бауырдың қатерлі ісігінің бірінші және екінші кезеңі, өлшемі, сырт көрінісі бойынша түрлі дерек жиналған КТ-суреттер бар. Авторлар модельді оқытқанда нейрон жүйелері мен машинаны оқыту деген секілді заманауи оқыту әдісіне жүгінген. Медицина саласында көп қолданылатын U-Net нейрон жүйесіне негіздеп жұмыс істеген.

– Жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті зерттеп, дәрігерлерге көмектескіміз келеді. Стартабымыз ісікті кеш анықтау және маман жетіспеу мәселесін шешеді. «КТ-сканерлеуден өткен барлық адамның дерегін біздің интеллект «оқыса» қалай болар еді?!» деп ойладық. Қатерлі ісік уақытылы анықталса, оның емі де жеңіл болатыны белгілі. Ал, біз дәл осы нәрсеге, яғни, ісікті дереу анықтауға кепілдік береміз. Бәлкім, осылай, елдегі қатерлі ісіктен болған өлім санын қысқартуға ықпалымыз тиетін шығар. Себебі, статистикалық деректерден адам шошиды. Кейінгі ақпарат бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болады, – дейді жоба авторлары.

Қазір OncoZeroAi жасанды интеллект машинасы бауырдың қатерлі ісігін дереу анықтайды. Дәлдігі – 85% болғандықтан, кемі 0,1 милиметрлік қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндігі бар.

– Онкологтар КТ-сканерлеу бойынша ісіктің қай жерде тұрғанын анықтауға бір апта, кейде үш айдан аса уақыт жұмсайды. Ал, біз бұл процесті жеті минутқа дейін қысқартып отырмыз. Жақында multiomics деп аталатын модельді іске қосу жоспарда. Бұл бойынша дәрігерлер әлі пайда болмаған ісікті де анықтай алады. Бірақ бұл үшін КТ-сурет пен қан, ДНК сияқты талдау нәтижелері керек, – дейді Әлмұхамед.

Өнертапқыштардың OncoZeroAi қатерлі ісікті анықтайтын жасанды интеллект жобасын еліміздің төрт емханасы қолдануға ниет білдірген.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button