Бас тақырып

Атаулы әлеуметтік көмек: қандай өзгерістер күтілуде?

Үкімет келесі жылдан бастап елімізде әлеуметтік көмектің жаңа түрін – көпбалалы отбасылар үшін бірыңғай жәрдемақы енгізбекші. Оны тағайындаудағы басты ерекшелік – отбасы табысы есепке алынбайды. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беру тәртібі де өзгеріп, оны алатын отбасылардың балаларына заттай қолдау көрсететін кепілдендірілген пакет ұсынылмақшы. Жаңа жоба әзірге үкіметте әзірленіп жатыр, содан кейін ғана Парламенттің мақұлдауымен қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Қазақстандық отбасыларды қолдаудың жаңа түрі қандай болатынын талқылап көрелік.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ АЛАЛАУ ЖОЙЫЛАДЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, бұл жәрдемақы кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға төленеді. Отбасында орта арнайы немесе жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі кәмелеттік жастағы балалары болса да, аталған жәрдемақыны ала алады. Жоғарыда айтқанымыздай, ол отбасы табысына тәуелді емес. Аз қамтамасыз етілген АӘК алатын отбасыларға да бұл жәрдемақының түрі тағайындалады.

Негізі бұл жәрдемақыны көпбалалы аналардың барлығы 2018 жылға дейін алып келген. Енді оның мөлшері әр балаға орташа 10-11 мыңның айналасында есептеліп, 4-7 есеге артады деп күтілуде. Яғни, отбасындағы бала санына байланысты дифференциалды болмақ. Министрлік таратқан мәліметтерге сүйенсек, төрт баласы бар отбасылар – 42 500 теңгеден, бес бала тәрбиелеп отырғандар – 53 125 теңгеден, алты баласы барларға – 63 750 теңгеден, жеті және одан да көп баласы бар отбасылар үшін – 73 375 теңгеден тағайындалмақшы.

– Біздің есептеуіміз бойынша елімізде 343 мың көпбалалы отбасы бар. Оларда шамамен 1,5 млн. бала өсіп келеді. Олардың барлығы жаңа әдіспен жәрдемақы алатын болады. Үш бағыт бойынша аталған көмектің барлығына келесі жыл үшін 320 млрд. теңге қарастырылған, – деген болатын Біржан Нұрымбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жалпы, АӘК алатын балалардың 60%- ға жуығы көпбалалы отбасылардан. Сондықтан, осындай қолдау арқылы көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару мақсатын көздеп отыр. Сонымен қатар, бұл қазіргі таңда қалыптасқан көпбалалы отбасы дегеніміз – аз қамтылған отбасы деген стереотиптен арылуға да септігін тигізбек. Себебі, атаулы әлеуметтік көмек салдары көпбалалы отбасылар мәртебесін төмендетіп жібергені жасырын емес. Табысына қарап алаламай кепілдік берілген жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға тисе, қоғам көпбалалы ана мәртебесін де лайықты мойындаған болар еді.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

 Жаңа жәрдемақы түрімен атаулы әлеуметтік көмек алынып тасталмайды, тек шынымен мұқтаж, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, оның ішінде, көпбалалы отбасыларға берілетін болады.

Оны тағайындау үшін отбасы табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%- ынан төмен болуы керек деген талап өзгермейді. Мұндағы негізгі өзгеріс деп, биыл отбасындағы әр балаға 20 700 теңгеден, ал, ата-анасына отбасы табысына байланысты төленген болса, келесі жылдан бастап, ондай көмек барлық отбасы мүшелері үшін отбасы табысына қарай айқындалатынын айтуға болады. Яғни, АӘК мөлшері жан басына шаққандағы отбасының орташа табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленетін болады. Сондай-ақ, ол ай сайын емес, тоқсанына бір рет бұрынғыдай, отбасы табысын растап отыру арқылы төленеді деп күтілуде. Бұл ретте учаскелік комиссия АӘК алушыларды тоқсанына бір тексеріп отыратындығын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, АӘК алу үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек болады.

Салалық министрлік ескерткендей, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда ол ғана емес, бүкіл отбасы мүшелері АӘК-тен қағылатын болады. Ал, қазіргі механизм бойынша атаулы әлеуметтік көмек жұмыстан бас тартқан отбасы мүшесінің төлемі ғана тоқтатылады.

– Бұл үшін біз АӘК шартты ақшалай көмек түрінде көрсетеміз. Аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарды «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастырамыз. Оларға бос жұмыс орындары, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен шағын несие мен қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Төлеу Мұхтар.

Төлеу Қайратұлының айтуынша, аз қамтылған отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамтылуы масылдық ниетті туғызбауға бағытталған. Бүгінгі күні облыс бойынша 9 мыңнан астам отбасыға 3,3 млрд. теңге көлемінде АӘК тағайындалған.

КЕПІЛДЕНДІРІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған кешенді шаралардың үшіншісі – аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет. Ол ақшалай қолдаудан басқа, ыстық тамақпен, мектеп құралдарымен қамту сынды қызметтерден тұрады. Тарқатып айтсақ, мектеп жасына дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері қарастырылған. Ал, мектепке баратын балалар ыстық тамақпен, құралжабдықтар және киім-кешектермен қамтылып, жол ақысын өтеуге көмек көрсетілетін болады.

 Бала күтіміне байланысты жұмысқа шыға алмайтын аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту және жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында оларды шағын бизнеске тарту, үйде отырып табыс табу машықтарын үйрету жұмыстары жүргізілмек.

ТҮЙІН

Мемлекет көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін тың жобалар әзірлеп, қолданыстағыларын жетілдіруде. Оны жоққа шығаруға болмас. Тек, «тегін» ақшаны пайдаланып қалу, жемқорлық пен ашкөздік, масылдық пиғыл сынды әрекеттер салдары сол жобалардың діттеген жерге жетуіне кедергі келтіріп келеді. Аналардың талап-тілегінің ескерілгені басты жетістік болса керек. Осымен жыр болған атаулы әлеуметтік көмек мәселесі шешімін табар деп үміт етеміз. Уақыт көрсетер…

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button