Ата ардақтау – ұрпаққа ұлағат

Елбасының қоғамдық сананы көтеруге ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды тың тұжырымдар, жаңа деректермен дәйектеп, пайымдау тәуелсіздіктің баяндылығын нығайтуға берік негіз қалап отыр. Осыған байланысты іс-шаралардың көпшілік көңілінен шығып, кең қолдау табуы өткенді сындарлықпен сараптауға деген ыстық ықыласты танытуда. Соның бір көрінісі Абай мен Нұра аудандарының шектесер тұсындағы ертеректе Ақши аталған атыраптың айналасы алақандағыдай көзге шалынар Жыланды шоқысы қыратында аты ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ауыздан түспеуші ержүрек көшбасшы және білгір би Жолболды бабаға арналып қойылған белгітас болды.

Кезінде атақты саяхатшы ғалым, академик Радлов «Қазақ даласы тұнған тарих» деп бағамдағандай сыры терең бір сүйемдей жер болмаса, бұл өлке шежіресі де ғасырлар қойнауына тамыр тартады. Бұрын үйретіліп, бұрмаланып жеткізіліп келгендей еш ерекшелігі жоқ жабырқау жазира болмаған. Жоңғарлық басқыншылар мысын басудан соңғы жалпы қазаққа ортақ сілкініс уағында Есім ханның қолбасшылары бірі Бесім батырдың екінші қосағы Дәулетбикеден туған үш арыстың кенжесі Сатыбалдыдан өсіп-өнген бұтақ Арқаның осынау шұрайлы бөлігін қоныстануды таңдап, түпкілікті мекен еткен. Соның ішінде Ерназарының үлкені Жалаңтөстен өрбіген Жолболды би еншісіне тиген Нұра, Есен өзендерінің қос қапталы атақоныс болып келді. Халқымыз үшін қасіретке толы өткен ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін салдарынан байырғы жұрт қырғынға ұшырады. Замандар бойы жайнаған жайлаулары орнын ҚарЛагтың қаптаған далалық түрмелері басты. Ұзаққа созылған тауқыметтен қайта оралған еркіндік құтқарды.

Қазақ үшін кіндік қан тамған топырақ – киелі бесік. Көңілде жүреді, көкейден кетпейді. Атамекенге деген махаббат отансүйгіштік ұлы сезімге баурайды. Даласында ата-бабалары ізі, жусаны мен суында иісі қалуы жүректерін толқытқан әр буын кездесуі ұрпақ бірегейлігін паш етті. Жастайынан атқа мініп, еліне қамқор болушы, атақты билер «Қашқан жаудан, бұзылған даудан без» деп бата берген Жолболды би құрметіне ас беріліп, рухына дұға бағышталды.

Жұртын ынтымақшыл, еңбекшіл болуға ұйыстырған даңқты бабаларына сай ұрпағы да көрнекті. Кеңестік жүйе қыспағына қарамастан мұсылман қауымына қастерлі дінді қорғаған Мәндібайұлы Қажыбай қажы, ел ағасы атанған Зада Сәттібекұлы, білім беру саласының ірі қайраткері Болат Әбдікәрімов, Қарағанды өңірінен шыққан алғашқы дипломат, үздік чекист Шахан Төлеубеков,әйгілі шежіреші Төлеубай Сәтенов сынды асылдар аймаққа ортақ мақтаныш.

Белгітас орнату рәсіміне қатысушы, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шердабаев өз сөзінде халқымызда ата ардақтау, аға сыйлау үлгілі қасиет, соны көріп-өсу ұрпаққа ұлағат екенін айтып, өлке тарихы туралы ой-танымды өсіре түсер шараға ризалық білдірді.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.