Бас тақырып

Ғасыр ғазауаты

«Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.

Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінен.

 

Жаңа мыңжылдықтың басында экрандарға зомбилар туралы қорқынышты фильмдер лег-легімен шыға бастады. Зомби сөзін қазақшаласақ, тірілген мәйіт деген мағынаны білдіреді. Бойында үрей жоқ, ұйқы, шаршау дегенді білмейді. Отқа да, суға да секіре салады. Бас сүйегінде – өлі жанар. Беті ауған жаққа қарай жүре береді, немесе, бір орында сағаттап тұрады. Осы фильм­дерге қарап отырып зомби бар болғаны сценарийсттің қиялы деп ойладық. Олай еместігіне кейінгі он жылда көзіміз жете бастағандай. Халықты жаппай қыруға арналған қаруды, соның ішінде, атом бомбасын жасаған адамзаттың залым әулеті синтетикалық есірткіні де ойлап тапты. Әлгіні қабылдағандар ұйқыны ұмытады, қарыны ашпайды, қорқыныштан ада. Бұлшық еті сыпырылып, тәні іштен шіриді. Синтетикалық есірткі – адамзатқа қауіп төндіріп тұрған XXI ғасырдың дерті. Өкінішке қарай, Қазақстан да бұл қатермен бетпе-бет келіп отыр.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Біріккен Ұлттар ұйымының 2021 жылы жасаған статистикасына сүйенсек, әлем бойынша 185 млн. адам есірткіге тәуелді болыпты. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіштің азаймағаны мәлім. Өйткені, синтетикалық есірткі түр-түрімен шығып жатыр. Әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің бір түрі айналымға енеді екен. Бұл да – БҰҰ-ның дерегі. Ал, синтетиканың дәмін татқандардың одан шығуы екіталай дейді мамандар. Дәрігерлердің сөзінше, бұл – адамзаттың демографиясына кері әсерін тигізуде. Айтып отырғанымыз қатердің біреуі ғана. Сорақысы – есірткіге тәуелділер уақыт өткен сайын жасарып келеді. Бұрындары нашақордың ең кішісі 16-17-де болса, кейінде 13-14 жастағылар пайдалана бастаған. Есірткі тұтынатын әйелдер саны 7 есеге көбейген.

2021 жылы Венада есірткі заттары комиссиясының 64-ші сессиясында елді жалт қаратқан мәлімдеме жасалды. Баяндамашылардың дерегінше, 2019 жылы болған COVID-19 пандемиясы кезінде есірткінің заңсыз айналымы күрт күшейген. Тиісінше, нашақорлар да көбейген. Қазақстандағы ахуал осындай. Бір қызығы – пандемияға дейін әлгі синтетикалық есірткінің қатарына енбеген екен. 2019 жылға дейін емін-еркін таратылған. Зертханалық анықтама да жасалмаған.

Біріккен Ұлттар ұйымы тұрғындары есірткінің салдарынан өлетін 93 елдің тізімін жасады. Қазақстан 33-ші орында. Халық саны 30 миллионға жетпеген мемлекет үшін бұл үрейлі көрсеткіш, әлбетте.

Аймағымыздағы ахуал жөнінде облыстық психикалық орталықтың психиатр-наркологы Бақыт Дүйсенбаева айтып берді.

– Бүгінгі таңда 7343 адам наркалогия­лық есепте тұр. Бұл – бірінші тоқсанға ғана келтірілген дерек екенін ескерген жөн. Былтыр 7352 адам болды. 9 адамға азайып тұр әзірге. Бұның барлығы тек есірткі бойынша есепте тұрған жоқ. Алкагольге тәуелділер де бар тізімде. Ал, синтетикалық есірткіге келетін болсақ, 2023 жылы 62 адам есепте тұрды. Осы жылдың жартысына де жеткен жоқпыз. Қазір синтетикалық есірткіге тәуелді 78 адам есепте. Өсу байқалады. 6,5%. Бүгінде табиғи, яғни, жерден өсіп шығатын есірткілерді қабылдайтындар азайып келеді. Қауіп осы синтетикадан төніп тұр.

Бұл қолдан жасалатын есірткі адамға өте қатты әсер етеді. Соны жиі қабылдайтындарды көбіне байқау қиын. Бұрындары тамырынан көретін еді. Қазіргі есірткіні иіскейді, шегеді немесе сұйықтыққа араластырып ішеді. Сонымен қатар, таблетка түрінде қабылдайды. Бірақ, 1-2 ай қабылдаған баланың психикасында өзгерістер пайда болады. Бала жиі ашуланатынды шығарады. Тіпті, ойлау қабілеті төмендейді. Сөйлеуі жылдамдайды. Өз-өзіне қарауды, күтім жасауды доғарады. Көңіл күйі жиі өзгереді, ұйқысыз­дыққа шалдығады. Өзіне-өзі шамадан тыс сене бастайды. Сондай бала есірткіге қол жеткізу үшін биіктен оп-оңай секіріп кетеді. Осының барлығы орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Терісінің түсі өзгереді. Яғни, тері құрғайды. Ішкі ағза бұзылады. Бауыр мен бүйректің жұмысы нашарлайды. Сосын, күндердің бір күнінде дозасын шамадан тыс қабылдап қойса, өлімге әкеледі. Бүйрек пен бауыр тоқтайды, – деді Бақыт Дүйсенбаева.

Қазақстанда 2020 жылы психоактивті заттарды пайдаланатындардың саны 140 237-ні құрапты. Соның 14 202-сі – бірінші рет тіркелгендер екен.

Салдарымен күрескеннен алдын алған – әлдеқайда тиімді. Ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұрған есірткінің таралуын тоқтатуда жүктің салмағы полицияның иығына түсетіні сөзсіз. Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Данияр Жакудаев осы бағыттағы күрес бұл күнде күшейтілген деп отыр.

– Мемлекет басшысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметінің 29.06.2023 ж. №508 Қаулысымен бекітілген 2023-2025 жылдарға арналған ҚР нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Кешенді жоспар есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін маңызды бағдарламалық құжат болып табылады. Өздеріңізге белгілі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан мен Атырауда өткізген Ұлттық Құрылтай отырыстарында есірткі ұлт денсаулығына орасан зиян келтіреді деп атап өткен еді. Бұл мәселе Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында да жиі қозғалады.

Жыл басынан облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қабылдаған шаралары нәтижесінде есірткіге қатысты 163 құқық бұзушылық анықталды. Былтыр 142-ге жеткен, – деді Данияр Жакудаев.

Өкінішке қарай, «закладчик» деп аталып кеткен таратушылар азаймай тұр. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндердің арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Облыстық полиция департаментінің берген дерегінше, биыл 68 «таратушы» ұсталған. Соның бесеуі 18 жасқа толмаған. Бесеуі – әйел. Осы қылмыстың алдын алу мақсатында зерттеу жүргізіп жүрген мамандардың сөзінше, мұндай әрекетке көбіне тұрмыс деңгейі төмен адамдар барады.

Синтетикалық есірткі заттарының аса ірі көлемде тасымалдағаны үшін 2 адамның қылмыстық әрекеті тоқтатылған.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Жыл басынан бері 251 келі әр­түрлі есірткі заттар тәркіленген. Соның ішінде 10 келіден астамы – синтетикалық есірткі.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегенді есірткі өндірушілер жақсы меңгерген. Өз тауарларын ғаламтор арқылы әп-сәтте таратып жібереді. Әсіресе, әлеуметтік желі тиімді болып тұр. Полиция сайттармен үздіксіз күресіп келеміз дейді.

– Есірткі желілерін (сайт) бұғаттау – есірткі саудасымен кү­ресудің маңызды құралы болып табылады. Осы жылдың басынан бастап «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі шеңберінде есірткі құралдарын сату, насихаттау және заңсыз жарнамалау бойынша 91 интернет-ресурс анық­талып, бұғатталды. Соны­мен қатар, OLX жұмыс беру­шілер платформасында он бесі табылды. Әлеуметтік желілерде, анықтап айтсақ, Instagram – 12, Facebook – 14, Тelegram – 50. Әлеуметтік желілер тәулік бойы бақылауға алынған. Жыл басынан бері есірткінің жарнамалауға арналған граффити, QR-код, сонымен қатар, есірткімен байланысты жазбаларды жою бойынша 25 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 800-ге жуық граффити жазу мен сурет өшірілді, – деді Данияр Жакудаев.

Есірткіні тұтынатындар мен жасаушы һәм саудалаушылардың санын азайту үшін, тіпті, жою үшін мектеп қабырғасында ақпараттық шаралар өткізу – ең тиімді әдіс екенін айтады полицейлер. Мектеп табалдырығынан бала ненің ақ, ненің қара екенін ажыратып аттауы тиіс бұл күнде. Заманның келбеті сол болып тұр. Да­нияр Жакудаевтың айтуынша, құқық қорғау органдарының мамандары облыс аумағындағы білім ордаларының барлығын дерлік аралап, түсіндіру жұмыстарын өткізген.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің халық­аралық күніне (26 маусым) арналған айлық өтеді. Айлық мамыр айының 26-нан бастап маусым айының 26-сы аралығында ұйымдас­тырылады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button