Бас тақырып

Есірткі ешкімді есіркемейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында жаһандану үрдісіндегі қоғамға қауіп төндірген бес кеселдің бірі ретінде есірткі саудасын, оның ішінде, синтетикалық есірткі айналымын айтқан болатын. Былтырдың өзінде ғана есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Осыған байланыс­ты есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтып, оны ең ауыр қылмыстар қатарына жатқызу керек екенін айтты. Ал, кеселге дер кезінде жауап қатпаса, асқынған дерттің соңы өкінішке әкелмек. Осы мақсатта 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында облыста өткен жылдан бері 207 есірткі қылмысы анықталған. Одан бөлек, есірткіге қатысы бар 126 адам ұсталса, оның алтауы – кәмелетке толмаған бала, он бірі – әйел.

Инфографиканы жасаған А.Рахымжан

Облыстың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ғалымжан Бекболатов­тың айтуынша, облыста есірткімен күрес – екпінді. Мәселен, аталған сала қызметкерлері 2023 жылдан бүгінге дейін есірткі бизнесі саласындағы төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың қыз­метін және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастырудың екі фактісін тоқтатқан.

Одан бөлек, есірткіні өзге өңірлерден тасымалдаудан бөлек, синтетикалық есірткі дайындайтын зертханалар да бар. Биыл төрт зертхана анықталған. Оның екеуі – фитозертхана.

– Биылғы үш айда есірткінің заңсыз айналымынан 243 келі 979 грамм тәркіленді. Оның ішінде, синтетикалық есірткі – он келіден асса, марихуана – 130 келіден, гашиш 102 келіден асады, – дейді Ғалымжан Халелұлы.

Басқарма басшысы сондай-ақ, жүйелі негізде «Көкнәр», «Дәрмек», «Тосқауыл» республикалық іс-шаралары өткізілетінін де айтты. Оның барысында есірткінің заңсыз айналымындағы құқық бұзушылықтар анықталып, жолы кесіледі және бақылауға алынады.

Есірткі саудасымен күрестің маңызды бөлігі – оны өткізумен айналысатын интернет сайттарды бұғаттау. Биыл «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі шеңберінде есірткі құралдарын сатуды насихаттаған және заңсыз жарнамалаған 78 интернет-ресурс анықталып, бұғатталған. Одан бөлек, «OLX» платформасында – 11, Instagram-да – 8, Facebook-те – 11, Телеграмда – 48 аккаунттың жұмысы тоқтатылған.

– Қарағанды облысы әкімдігінің жанынан нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб жұмыс жасайды. Түрлі мекемелер мен ведомстволардың өзара іс-қимылы, әсіресе жастар арасында шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді Ғалымжан Бекболатов.

2023 жылы штабтың төрт отырысы, биыл бір отырысы өткен. Хаттамалық тапсырмаларға сәйкес штаб мүшелеріне орындау үшін ақпарат жіберіледі. Содан соң облыс әкімдігіне бақылау мерзімдері баяндалады.

– Кешенді жоспардың тармақтарын орындау мақсатында 2023-2024 оқу жылында «Құқықтық жалпыға бірдей оқыту» бағдарламасы бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздейтін бірқатар мақсатты шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараны басшы құрам тарапынан да, облыстың қатардағы полицейлері де өткізді. Нәтижесінде облыстың қалалары мен ауылдық өңірлердегі білім беру мекемелері 100 пайыз қамтылды, – дейді Ғалымжан Бекболатов.

Басқарма басшысы кешенді жоспар қабылданған күннен есірткіге қарсы 1 205 шара ұйымдастырылғанын айтады. Бұған түрлі акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен спорттық шаралар кіреді.

– «Тең-теңімен», «Хелзи Лайф», «Жастар Альянсы» және «Үміт», «Қазақстан азаматтары», «Шапағат» үкіметтік емес ұйымдары еріктілер қозғалыстарының профилактикалық жұмыстары ерекше назар аударуға лайық, – дейді басқарма басшысы.

Қылмыстық кодекстің 228-ба­бы бойынша есірткі тасымалдау­шылар, яғни, «закладчиктерге» 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін айту керек. Есірткіні өткізу – оны тасымалдаудың кез келген түрі. Яғни, қолдан-қолға берілуі, болмаса, «закладка» жасалуы да мүмкін екенін айтады есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Данияр Әбілқасымұлы.

Есірткінің үш түрі бар. Олар – тоқсаныншы жылдары кең таралған опиаттар, одан кейін синтетикалық есірткі және марихуанадан дайындалатын каннабиноидтар.

Данияр Жақұдаев облысымыз­ға гашиш пен марихуана оңтүстік өңірлерден жеткізілетінін айтады. Қазір опиоидтарды қолданатындар сирек. Ал, осы күні айналымда жүрген есірткінің тоқсан пайызы – синтетикалық.

– Құндылық отбасынан басталады. Дегенмен, тұлғаның қалыптасуына сыртқы ортаның да әсері барын жоққа шығара алмаймыз. Есірткімен күрес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Онымен қоғам болып күресу қажет. Сондықтан, ата-аналар балаларының психикасы енді қалыптасатын жасөспірім кезеңінде есірткінің зияны туралы сөйлесіп, оны қолданумен қатар, өткізгеннің өзіне қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын үнемі айтып отырулары керек, – дейді бөлім басшысы.

Облыстың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бүгінгі таңда облыста есірткі қолданушылар саны нақты емес екенін айтады. Оны қолданатындардың көпшілігі облыстың психоневрологиялық орталығында есепте жоқ. Бұған себеп, 15-тен 30 жас аралығындағы есірткі тұтынушылар жақсы отбасынан шыққан, орта табыс табатындар. Ал, ата-аналары «ұят болады» деген оймен, балаларының теріс әрекетін жасыруға тырысады. Оның соңы түрлі жағдайларға әкеледі. Сондықтан, нақты картинаны білу мүмкін емес.

Дегенмен, Данияр Жақұдаев есірткі пайдаланушы жастардың 60 пайызы маргинал жастар екенін айтады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button