Қасымхан Қасым елімен қауышты
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамы, филология факультеті және журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дəстүр» ұлттық-этнографиялық журналының директоры – бас редакторы, ақын, этнограф Қасымхан БЕГМАНОВПЕН «Құлагер жыр – Қасымхан!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Қасымхан ағамыз Қарағандыға Қасым Аманжоловтың шырақшысы ретінде ыстық. Қасым атамыздың бір мерейтойында Қарағандыдан Алматыға делегат барып, ақынның жатқан жерін іздейді. Алматылық ақын-жазушылардың көбі біле бермейтін ақынның мәңгілік мекенін сонда осы Қасымхан ағамыз көрсетсе керек. Дәуітәлі Стамбековтің досы. Қасымның шырақшысы. Қарағанды ғана емес, қазақ десе бір бүйрегін жұлып беруге әзір ағамыздың «Ташкентпен қоштасу» поэмасын кезінде Қадір Мырза Әлі жоғары бағалаған. Қайраткер ағамыздың мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың жолымен Ташкенттен бастап күллі Еуропаны шарлап, тарихшылардың Алаш арысына қатысты айтып жүрген кейбір жаңсақ пікірлеріне нүкте қойғанының өзі неге тұрады?! «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі – бүгінде еліміздің орта мектептеріндегі тарих пәніне енгізілетін қосымша көмекші құралы іспетті. Ақынмен кездесу барысында ол киноның дискісі тегін таратылды. Өлеңдері орыс, өзбек, қырғыз, түрік, якут, қытай тілдеріне аударылған, елге кең тараған жүзге жуық ән мәтіндерінің авторы. Тарихшы ғалым Жағда Бабалықұлымен сұхбат ретінде жазған «Этнографпен әңгіме» кітабы Алаш руханиятының олжасы дерлік.
Әдеби-сазды кешті филология факультеті деканының орынбасары Елдос Түйте ашып, профессор, ақын Қойлыбай Асан жүргізіп отырды. «Ғасыр адамы», Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының директоры Темірғали Көкетаев Қасымхан Бегманов және қазақ руханияты төңірегінде ой өрбітсе, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы ақынға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Қасымхан ағамызға Қойлыбай Асанов шапан жауып, өңіріне Қасым медалін тақты. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. «Күреңбел» атты жыр кітабы мен әнге айналған шығармалары топтастырылған дискісі кеш қонақтарына тегін олжа болды. Ақын өлеңдерін оқып, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Жәнібек ӘЛИМАН