Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

«Қасым солай болмаса, несі Қасым?!»

Театрдың үлкен залы лық толы. Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Қасымның «Туған жер» әнін ойнап отыр. Шымылдық ашылды. Бір топ жалынды жастың арасынан әскери форма киген жас жігіт «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп әндете жөнелді. Қасымның өзі болар деп топшыладық. Осы сәт төр жақтан бешпентін желбегей жамылып, маңдайы жарқырап келе жатқан дауылпаз ақынның толысқан шағы қылаң берді. Сахна да уақыттың ұршығындай айналып тұр. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына арналған «Рахымжанның Қасымы» поэтикалық драмасының премьерасы осылай басталды. Авторы – мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер-драматург Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат ҰЗАҚОВ, хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай ЖҰМАШЕВ, балетмейстері – Дина ЖАҚЫПБАЕВА.

Қойылым басталғанда дауыл ұлының «Туған жер» әнін әуелеткен Қасымның жас кезі екен. Болжамымыз алдамапты. Яғни, мұнда бір емес, төрт Қасым. Қойылымның бір ерекшелігі – осы. Толысып, қалыптасқан ақын бейнесін – Қуаныш Жағыпаров, Қарқаралы мен Семейдегі жігіттік, сері дәуренін – Сұлтан Серікұлы, Оралдағы ақыл тоқтатқан өнерпаз шайырды – Айдос Нұрмағамбет, соғыс сахнасын Азамат Амантай сомдады. Ал, Қасым ақынның музасын – талантты актриса Әмина Омар ойнады. Театрға жеткенше, поэтикалық драма болғандықтан, бұрқырай өлең оқылып, төгілдіре ән шырқалса екен деп тіледік. Ойымыздағыдай болды. Драманың бастан-аяғы тұнып тұрған өлең-жыр, музыка, романтика. Нағыз жалындап өткен найзағай ақынның образы ашылды. Күйбеңнен қажып келген көңіл көтеріліп, жанымыз жай тапты. Бір деммен өте шықты. Ақын әндері шырқалып, өлеңдері оқылғанда күбірлеп қосылып отырдық. Қасымның өте тағдырлы, талантты, дара ақын екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Қылышынан қан тамып тұрған дәуірде мынандай патриоттық өлеңдер жазу, өмірдің сынына сынбай, ағысқа қарсы жүзу, керісінше дами түсу, ешкімге ұқсамайтын ерекше жырлар жазу ақынның-ақынына ғана тән. Ендеше, Қасым заманынан оза туып, ерекше жаратылған, Құдайдың назары түскен кесек талант. Қойылымды тамашалап отырып, оның өлеңі қайсы, өмірі қайсы деп бас қатырмадық.

Өмірі – өлең, өлеңі – өмір. Бір әлем. Ақынның өмірін төрт кезеңге бөліп қарастырса да, оның сахнада оқылған өлеңдерінен талант ретінде өсу дәуірі байқалады. Алмас қылыштың барған сайын өткірлене түсетіні тәрізді Қасым да ел, жер көрген сайын тынысы ашыла, бауыры жазыла түседі. Ешкімге қарамайды, мақтамайды, даттамайды. Дамығанның үстіне дами түседі. Өйткені, өмірдің өте қысқа екендігін сезді ақын жүрегі. Осылайша, қысқа ғұмырында өлмес, өткір өлеңдер қалдырды. Оның шығармашылық өсу жолын театрдың жас актерлары әдемі алып шықты.

– Драмада келтірілген мәліметтер ақынның өзінің шығармаларына және тарихи деректерге негізделген. Қасым туралы кезінде оның замандастары көп жазған. Сол деректерді 4-5 жыл аралығында жинақтап, осы драманы жаздым. Ақынның әрбір өлеңдерінің шығу тарихы, қиындық көріп, жетім қалғаны – барлығы осында қамтылып, көрсетілген. Спектакльде режиссердің концепциясы бойынша кемелденген Қасымның көз алдында оның барлық өмірі өтеді. Алдымен бала Қасым, үлкендерден бата алатыны, әкесінің қайтыс болып, жетім қалуы, анасы басқа адаммен тұрмыс құрғанда оның Семейге жаяулатып кететіні, алғаш рет пианино мен мандалинді көріп, осы аспаптарда ойнауды үйренетіні, есейгенде Оралға барғаны – барлығы көрсетілген, – дейді Кеңес Нарымбайұлы.

Ал, солдат Қасымның бейнесінде де ептеп ұяңдық байқалды. Кей жас әртістердің сөз саптауында аздап сөйлеу тілінің элементтері жүр. Мұның бәрі тәжірибемен келетін дүние, әрине. «Талантты мақтау құртады» демекші, аздап олқылықты айтуды жастардың алдағы өнер жолына септігі тисін деген жанашырлықпен айттық. Алайда, ел жас әртістерге риза. Осындай болмашы кемшіліктерді қоспаса, бәрі ғажап. Әсіресе, сақа Қасым мен сері Қасым жанымызға жақындау көрінді. Бұдан бөлек, Қасымның баспана ала алмай және көре алмайтын өлеңшілердің кесірінен іштей азап шеккенін де Қуаныш Жағыпаров шебер жеткізді. Руханият ордасы ару Алматыға асығуы, адалдығы, мәрттігі, Абдолла досынан айырылуы әрлі, әсерлі шықты. Қарқаралыда жетімдіктен жапа шегуі, Семейде білім іздеп шарқ ұруы, алғашқы жырларын жазуы, Оралда жетілуі, республикалық басылымдарға жариялануы, соғыстан кейін Алматыға дауыл болып оралуы, бұрқырата өлең жазуы, аянбай еңбектенуі рет-ретімен жүрекке жылы жетіп отырды. Әсіресе, балалық шағын, туған топырағын аңсау, іздеуі көңілге қонымды болды.

– Дауылпаз Қасым өлеңдері мен өмір жолы Қарағанды аспанында ақша бұлттай қалықтады. Біз Құдайдың құдіретімен жаралған ақынның қасиетіне таң қалып, театр ұжымына риза болып тарастық. Балалық шағынан бастау алған қойылымда ақынның қайсар мінезі, өлеңге деген ыстық сүйіспеншілігі толықтай қамтылған. Әсерге толы қойылым болды, – дейді Теміртаудан арнайы келген Таңсәуле Әгенқызы.

«Туған жер», «Өзім туралы», «Жас дәурен», «Ақ сәулем», «Түн ортасы», «Сайра сандуғаш» сынды өміршең әндері мен «Нар тәуекел», «Абдолла» поэмасы, «Қазақстан» сынды отты өлеңдері ақын өмірінің толысу, жетілу кезеңдерінде уақытпен бірге өріліп отырды. Сондай-ақ, Абайдың әндері шырқалып, Мұқағалидың өлеңдері де ара-тұра оқылды. Мұны «кеше-бүгін-ертең» дейтін әдебиеттегі толқындар сабақтастығы деп ұқтық Диалогтары көңілге қонымды. Кейбір тұста актерлердің дауысы жетіңкіремей, мәтінді жылдам оқып кетіп жатса да, жылы қабылдадық. Бір ерекшелігі жас әртістердің әншілік қырына риза болдық. Бірнеше дауыста хормен ән айтқанда арқамыз қозып, орнымыздан тұрып кете жаздадық. Театрдағы жас әнші-актерлерді қысқа уақытта кәсіби әншіге айналдырған Амантай Жұмашев ағамыздың үлкен еңбегін атап өткен жөн. Өйткені, поэтикалық драмада әншілік – ауадай қажет. Сахнаның безендірілуі мен костюмдардың да сәтті шыққаны. Режиссердің шешімдері де тосын, кәсіби. Мысалы, ән орындап келе жатып, соңғы екі жолы айтылмай, қайырмасының басталып кетуі сондай тартымды шықты. Іштей «дұрыс» деп құптап, тәнті болдық. Ақын өмірінің соңы, қойылым соңында қабыса, ұштаса түсті. Драма Қасымның шығармашылық жолын толықтай қамтыды десек, артық айтқандық емес. Адалдық пен ар жолын ту ғып ұстаған ақынның көзі тірісінде бағаланбауы, шығармашылық, әдеби ортадағы көреалмаушылық, саясаттағы жағымпаздық та қатаң сынға алынды. Осылай басын тауға да, тасқа да ұрған ақын өмірден өтті. Оның музасы да көз алдымызда көкке қалықтап бара жатты. Музаның көзіндегі мөлдір жас моншақтары жүрегімізді елжіретті. «Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым, «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің Әммесінен Қасымның десі басым. Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын!..» – деп Мұқағалидың өлең жолдары оқылғанда сахна қақ айырылып, төрден өр Қасымның еңселі ескерткіші көрінді. Орнымыздан тұрып, қол соқтық бәріміз. Жүрек ауызға тығылды. Осы тұста дауылпаз ақынның «Өзім туралы» әні әуеледі. Халық қосыла шырқады…

Автор мен режиссер мақсатына жетті деп есептедік, ел риза. Осылайша, жетімдіктен басталған ақындық тағдыр сан тарау өмір жолынан қаймықпай өтіп, қасқайған ескерткішке айналды. Иә, солай болуы да заңды. Өйткені, бұл – Қасым ғой. «Қасым солай болмаса, несі Қасым?!»

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button