Астатөк ырзық сөресі
Сенбі күні күллі қарағандылықтар «Шахтер» стадионы маңынан жайылған астатөк ырзық сөресін жағалады. Себеп сол – Олимпийская көшесінің бойында тауық жылындағы алғашқы күзгі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің тұсауы кесілді.
Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жәрмеңкедегі тауарлар бағасымен облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы барып танысты. Жәрмеңкедегі азық-түлік құнының бекітілген сомадан артпауы жергілікті билік назарында болды.
Бұл жәрмеңкеде азық-түлік әдеттегі базар бағасынан 15-20 пайыз мөлшерінде төмен бағаға саудаланды. Облыс орталығындағы жәрмеңкеге облыстың барлық аудандарындағы шаруа қожалықтары өз тауарларын ұсынды десек те болады. Сенбі күні жәрмеңкеден Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Осакаров, Шет аудандарынан келген шаруа қожалықтары басшыларын кездестірдік.
Алаң бойына жетпістен астам шатыр тігіліп, шаруа қожалықтары өз тауарларын судалады. Бұдан бөлек, өз өнімдерін жергілікті тұрғындарға жүк машиналарының үстінен саудалағандар қарасы да қалың.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ауыл тұрғындары осы күні жәрмеңкеге 52 тонна ет, 200 тонна картоп, 100 тоннадан артық көкөніс, тағы басқа да азық-түлік жеткізіпті. Яғни, жалпы құны 160 млн. теңге болатын азық-түлік қалалықтар қоржынынан табылған.
Абай ауданының жәрмеңкеге қосқан үлесі қомақты. Бұл күні абайлықтар 75 тонна картоп, 43 тонна көкөніс, 10 тонна ет өнімдерін, 50 мың жұмыртқа, 1 тонна құс еті, 1,5 тонна шұжық әкелді. Айта кетейік, бұл ауданда облыстағы картоптың 70 пайызы өндіріледі. Картопқа көпшіліктің сұранысы артқанын байқаған абайлықтар келесі жолы аталған өнімді көптеп әкелмек.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұнда азық-түлік нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағада саудаланды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров та өз сөзінде төмендетілген бағаның екіжақты тиімділігі жөнінде айтып өтті.
– Жәрмеңке тұрғындарға да, тауар өндірушілер үшін де тиімді деп ойлаймын. Мәселен, картоптың келісі – 70 теңгеден, сәбіз бен қызылша – 60 теңгеден, сиыр еті – 1200 теңгеден, қой еті – 1100 теңгеден саудалануда, – деп атап өтті Серік Жаманқұлұлы.
Күзгі жәрмеңкеге қатысуды облыстағы шаруа қожалықтары дәстүрге айналдырған. Солардың бірі – «Шанс» шаруашылығы. Бұл жәрмеңкеге 20 тоннадан астам картоп жеткізген. Келісін – 70 теңгеден саудалады.
– Біз жәрмеңкеге ұдайы келіп тұрамыз. Картобымыз тез сатылып кетеді. Қабымен сатамыз. Бір қапта – орта есеппен 45 келіден. Өніміміз үлкен сұранысқа ие, – дейді қожалық жетекшісі Игорь Жабяк.
Картоп сияқты ет өнімдерін де қалалықтар көптеп сатып алды. Аудандардан келген мал өнімдері қалалықтар дастарқанына жол тартты.
Жәрмеңке әлі де жалғасады. Бұйыртса, 21 қазан және 11 қараша күндері Қарағандыда, нақ осы жерде облыстық жәрмеңке өтеді. Ал, 4 қараша күні Жезқазған, Саран, Шахтинск, Сәтбаев, Теміртау, Балқаш, Қаражал және Приозерск шаһарларында ұйымдастырылады.
Нұрқанат ҚАНАФИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.