Жаңалықтар

Астана – Тәуелсіздік тірегі

Жиырма жыл бұрынғы шағын ғана Целиноград қаласы қазіргі таңда болашағы зор, үлкен мегаполиске айналды. Еліміз осы уақыт аралығында талай қиын-қыстау заманды басынан өткерді. Соған қарамастан туған тарихымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрлерімізді сақтап келеміз.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталығы бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Астананы ауыстыру туралы бастаманы қолдағандар да, оған күмәндана қарағандар да табылды. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін кәсіпорындар тоқтай бастады және жұмысшылар мен қызметкерлердің көпшілігі жаңа, нарықтық жағдайда өмір сүру тәжірибесін енді ғана үйрене бастаған кез еді. Шешім біраз дау тудырды.

Қазақстан егемендік алғалы бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес шешім қабылдады. Мысал ретінде Ресей, Түркия, Германия, Бразилия, Нидерландия, Пәкістан, және тағы басқа елдердің астана ауыстырудағы тәжірибелерін келтіруге болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Әрі тоғыз жолдың торабында тұрған қала астанаға лайық болып,  32 талапқа сай келген. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдайы, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді.

Содан соң Елбасы Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдедегі №106 қаулымен қабылдады. Алайда бұл қаулы үш жылдан кейін ғана жүзеге асып,  Елбасы 1997 жылғы 20 қазанындағы №3700 Жарлығы бойынша Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Осы Жарлық бойынша 1998 жылдың 10 маусымында ресми тұсаукесері өткізілді. Аз уақыттан кейін Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы №3941 Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 2008 жылдың 25 маусымдағы «Қазақстан республикасының мейрамдары туралы Заңымен» 6 шілде Астана күні мемлекеттік мереке болып белгіленді. Содан бері Астана күнін атап өту дəстүрге айналып кетті. Елорданы көшіру жарияланған жылы мұнда небәрі 225 мың адам тұратын,  ал  2017 жылы миллионшы тұрғын дүниеге келді. Әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты қалыптаса бастағанын  халқының жедел өсуінен байқауға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана күні қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге және Астана Орталық Азиядағы маңызды экономикалық өңірге айналғанын, Астана халқымыз үшін қасиетті саналатын негізгі құндылықтарды сақтаушы болып табылатынын атап көрсетті. Астана өзіндік қолтаңбасы бар қала. Елордамыз – дамыған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі.

Бүгінгі таңда Астанада көптеген зәулім ғимараттар және әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми, білім беру нысандары, іскерлік-орталықтар, тұрғын-үй кешендері алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары салынып,  сәулетті әсем қалаға айналып келеді.  Солардың ішіндегі «Бәйтерек» кешені жаңа Елорданың өзіндік бойтұмарына айналды.

Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілердің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның  жобасы қабылданды. Әлемдік сәулет өнері тарихында өзіндік қайталанбас талантымен танылды. Бас қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисе Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған британдық архитектор Норман Фостерің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Осы әсем ғимараттардың бас сәулетшісі және кеңесшісі – ел  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екенін келешек ұрпақ білуге тиіс.

Астананың жедел өзгергені соншалық, келген  адамдар танымай қалып жатады. Көз алдымызда көркейген қаланы шетел азаматтарының  таңдайын қақтырды. Еліміздің басқа да қалалары да Елордамыздан үлгі алып, бой түзеу керек деп есептеймін.

Астана бүгінде саяси басқару орталығына айналды деп айтуға болады. Себебі,  әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Астананы қазір əлем жұрты бейбітшілік пен татулықтың ордасы ретінде таниды. Расымен, әлем елдерінің бейбітшілікке, татулыққа шақырған небір басқосулар, кездесулер өткізіліп тұрады. Елордамызда халықаралық маңызы зор үлкен іс-шаралар өткізілуде айта кетсек: ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мерейтойлық саммиттері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері,  Астана экономикалық форумы, Азиада, Сирия келіссөздері.

2017 жылғы басты оқиға – Астанада өткен «Expo – 2017»  Халықаралық көрмесі. Көрмеде баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологиялар ұсынылды. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Біздің ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив қызметкерлері де осы көрменің қонағы болып, жақсы әсер алып, қызықтап қайтты. Сонымен қатар еліміз 2018 жылдың  1 қаңтарынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті.

2050 жылға қарай Астана әлемнің ең үздік он қаласының қатарына қосылуы керек. Бұл Елордамыздың мақсаты, міндеті. Елордамыз еліміздің символына айналды деп айтуға болады.

 

Э. ОСАЖАНОВА,

Қарағанды облыстық

 ғылыми-техникалық құжаттама  жөніндегі мемлекеттік архивінің

2-санатты архившісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button