Астана төрінде — «Ұлытау» аллеясы

Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Астананың 20 жылдық мерейтойына біздің облыстың тартуы – «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі ашылды. Мемлекет басшысы Есіл өзенінің сол жағалауындағы жаңа аллеяны аралап көргеннен кейін, «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі алдына жиналған облысымыздың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихындағы қилы кезеңдердің халық жадында сақталуының маңыздылығын атап өтті.

– Бүгін Елордада көріп отырған жетістіктеріміздің бәріне 20 жылдың ішінде қол жеткіздік. Астананы салуға бүкіл Қазақстан атсалысты, басқаша болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан, біз бұл мерейтойды барлық облыстардың қатысуымен, кеңінен тойлап жатырмыз. Еліміздегі азаматтардың бәрі өздерін жайлы сезініп, жақсы өмір сүргенін қалаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елімізді одан әрі ілгерілету ісінде халқымыздың бірлігі айрықша маңызды екенін айтты.

 – Біз бірлігімізді сақтап, бір- -бірімізге құрмет көрсетуіміз керек. Мен барша жұрттың Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп, өсіп-өркендегенін қалаймын. Ең бастысы – тату қарым-қатынасты сақтай білу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қос нысанның ашылу салтанатына арнайы барған облыс делегациясын аймақ басшысы Ерлан Қошанов бастап барды.

«Қазақ еліне мың алғыс!» скульптуралық композициясы еліміздегі ескерткіштер мен монументтерді орнату бойынша мемлекеттік комиссияда қаралып, Қарағанды көркем өнер комбинатында жасалған. Жалпы биктігі – 13,35 метр. Оның ішінде, ескерткіштің өзі 7 метрді құраса, тұғыры – 6,35 метр. Монументте төрт адамның бейнесі бедерленген. Ортада үш баланы құшағына алған қазақ әйелінің бейнесі сомдалған. Қазақ халқының кеңпейілділігін паш еткен нысан сонау қуғын-сүргін жылдарынан сыр шертеді. Монументте өзге ұлттардың өкілдеріне қамқорлық танытып, ас-суымен бөліскен, адамгершіліктің биік үлгісін көрсеткен халқымыздың асыл қасиеттері көрініс тапты.

 Монумент бой көтерген алаңның жалпы көлемі – 45,6х42,6 метрге тең. Ол екі түсті гранит төсемелерімен өрнектелген.

«Ұлытау» аллеясының ені – 18,6 метр, ұзындығы 190,3 метр. Ашық аспан астындағы музейге ұқсас аллеяның мазмұнын Ұлы Даланың еркелері – киіктердің мүсіндері толықтырып тұр. Бұған қоса, жаңа нысанға Алтын Шоқы шатқалындағы таста бедерленген жазбаның көшірмесі де қойылды. Ол тарихи тұлға Әмір Темірдің заманында жазылған жазба. Тарихшылардың топшылауынша, бұл – қолбасшының 1391 жылы Алтын Ордаға жасаған жорығы кезінде жазған. Тастың түпнұсқасы Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы.

 Теректі Әулие мен Байқоңыр жерлерінен табылған төрт мың жылдық тарихы бар петроглифтердің көшірмесі де аллеяның танымдық маңызын арттыра түседі.

 Мерейтойға арналған тарту-таралғы Астананың ажарын одан әрі айшықтап, келбетіне көрік қосары сөзсіз.

«Ақорда» баспасөз ақпараты негізінде әзірлеген Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.