Бас тақырып

Қасиетті міндет жолындағы бес басымдық

Жыл сайын ел бірлігі күніне орай дәстүрге айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы жиыны өтті. «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы ХХХІІ сессияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етіп, ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрамның ерекшелігіне тоқталып, этносаралық саясатқа ерекше назар аударды. Осы мақсатта Президент алда атқарылатын жұмыстарда бес басымдыққа мән беруді ұсынды.

«Татулық пен келісім жалаң ұран болмауы керек»

– Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі, қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат, – деп сөз бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдағы атаулы өзгерістерге тоқталды. Әлбетте, соның бірі – Ата заңға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама. Халық өзінің тарихи таңдауын жасады. Ел тағдырын айқындаған маңызды жолдың бастауында тұрғанда халықтың бірауыздан қолдауы өте маңыз­ды болғаны рас. Президент «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидат ұстанды. Ал, қалың ел «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» көз жеткізді. Нәтижесі – халық болып жұмылып, «Әділетті Қазақстанның» іргетасы қаланды.

Ал, болашақтың әрі қарай баянды болуы елдің бірлігінде. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет екенін айтады. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.

– Халқымыз бірліктің және тыныш­тықтың қадірін біледі. Бұл – небір қи­ын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылық. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік! – дейді Мемлекет басшысы. Ал, мемлекеттігіміздің іргетасын бекітіп тұрған басты институт – Ассамблея бірлікті нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым.

Бірегейліктің символы

 – Біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы. Біздің паспортымыз этникалық шығу тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, адамды Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі құқықтармен және міндеттермен толық қамтамасыз етеді, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ал, азаматтарымыз әрдайым және барлық жерде өз мемлекетінің қорғауында. Мемлекет басшысы даңқты отандастарымыздың шыққан тегіне қарамастан шетелде «қазақтар» деп аталатынына да табиғи құбылыс деп қарайтынын да ерекше атады.

Жалпыұлттық бірегейліктің тағы бір көрінісі – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Сондықтан да, азаматтарымыздың барлығы қазақ ұлтының мүшесі. Сәйкесінше, елімізде тән айрықша өмір сүру салты қалыптасқан. Бұл уақыт тезіне төтеп берген, қоғамдық сананың өзегіне айналған бірегейлік. «Бірлігіміз әралуандықта», «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидаттары – бұл ұран емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің мәні»,– дейді осы орайда Мемлекет басшысы.

– Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері саналады. Мұны бүкіл қоғамымыздың адамгершілік негізі деп айтуға болады. Әр адамның ішкі моральдық өзегі туралы ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігі осыған сүйенеді, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі үйлесімді этносаралық қатынастың сыры да туған елінің тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілікте екенін айтады.

 

«Этносаясат байыппен жүргізілуі керек»

Ел бірлігін нығайтуға орасан үлес қосып жүрген Ассамблея жұмысына ерекше тоқталды Қасым-Жомарт Кемелұлы. Шындығында да, Ассамблея жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болып, тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеуде. Медиация институтын дамытуға үлес қосып келе жатқан да осы құрылым.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында жыл бойы атқарған жемісті еңбегі үшін қоғамдық орынбасарларға алғыс айтып, этномәдени бірлестіктер атынан жаңадан тағайындалған орынбасарлары – Акбаржон Исмаиловты және Аурика Дякті таныстырды.

Президенттің пікірінше, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни, татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Демек, сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналғанда, мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түспек.

«…этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Болашақты бағындыратын бес белес

Қасым-Жомарт Кемелұлы сессия отырысында жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жолында бес басымдыққа мән беруді ұсынды. Оның біріншісі – бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажеттігі.

– Қоғамда түрлі жалған ақпарат немесе фейктер мен деструктивті жарияланымдар айтарлықтай көбейгенін көріп отырмыз. Оның басым бөлігінде авторларының Қазақстанға түк қатысы жоқ. Шетелде отырып, біздің қоғамда ірікті салғысы келеді. Олардың сөзі мен әрекеті адамдар арасындағы сенімге селкеу түсіріп, алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған. Осындай жайттарды ескерсек, қылмыстық және тұрмыстық сипаттағы кез келген оқиға теріс пиғылды адамдардың кесірінен этносаралық жанжалға айналуы және оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан, жауапкершілігі бар азамат ретінде радикализм, экстремизм және сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұруға тиіспіз. Бұл орайда абай болған жөн. Бірақ қаталдық та керек. Түптеп келгенде, әділ болу қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бірақ, еліміздің әрбір азаматы өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беретінін сезінуге тиіс. Мемлекет басшысы эмоцияға бой алдырып, сырттан таңылған алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне ермеуге шақырды. Ал, заң мен тәртіп баршаға ортақ. Оған мүлтіксіз бағынуға тиіспіз. Осы орайда, халықтың құқықтық сауатты болуы да маңызды.

– Татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады, – деген Мемлекет басшысы елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс, Құдай алдында – күнә екенін де қадап айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы көрсеткен екін­ші басымдық – этноәлеуметтік шиеле­ністің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі.

Ассамблеяның алдыңғы сессиясында Президент томаға-тұйық тіршілік ететін этникалық аудандар мен кварталдардың пайда болуына жол бермеу мәселесімен айналысуды тапсырған болатын. Сәйкесінше, кешенді шаралар әзірленіп, жұмыс жоспары да жасалған. Ендігі мәселе – оның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету. Осы орайда ол этноәлеуметтік топтардың қоғамға толыққанды кірігуіне кедергі келтіретін аймақтық ерекшеліктерге, мәдени және басқа да факторларға баса мән беру маңызды екеніне де тоқталды.

– Соңғы кездегі жанжалдар негізінен ауылдық жерде болды. Сондықтан, шалғай ауылдардың тұрғындары арасында белсенді ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Бұл, әсіресе, бір этнос өкілдері шоғырланған аудандарға тікелей қатысты. Жұртшылыққа мемлекеттің этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатын түсіндіру керек. Ұлты әртүрлі азаматтарымыздың өзара достығы мен татулығы туралы мысалдардың көп екенін көрсетуіміз қажет, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев этностардың өзара аралас-құралас өмір сүруіне барынша жағдай жасау қажеттігін де айтты. Осы орайда Ассамблеяға көпұлтты халық тұратын аудандардағы жұмысқа баса мән беруі керектігін қадап айтты. Үкіметке де тапсыр­ма берді. Жұмыс тәсілі қазіргі заманға сай болуы тиіс.

Мемлекеттік тіл мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде ол азаматтық интеграцияның пәрменді құралы, мәдени-рухани бірліктің бейнесі болып табылады. «Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет». Бұл – Президент айтқан үшінші басымдық.

– Қазақстанның барлық азаматы мемлекетіміздің өткеніне, бүгініне және болашағына, ұлтымыздың рәміздеріне және оның мәдени өзегіне қатысы бар екенін сезінуі керек, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Үшінші басымдық барысында ұлттық театрларға ерекше мән беріліп, түрлі этностардың тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға арнайы көңіл бөлінеді. Олар өз кезегінде бірлік пен өзара түсіністікке негізделген құндылықтарды жан-жақты насихаттап, жалпыұлттық мәселеге баса мән беруі қажет.

Төртінші басымдық – Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керектігі. «Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүргізген жөн дейді Президент. Демек, этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ал, Мемлекет басшысының айтуынша, Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет.

– Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін-өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы, бесінші басымдық – этносаясаттың біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуге тиістігі. Ол ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы орайда Президент осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында өзінің сайлау алдындағы тұғырнамасын және басқа да стратегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керектігін тапсырды.

– Мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді талдау қажет. Үкімет жыл соңына дейін ұлттың қалыптасу процесінің қазіргі жай-күйіне талдау жасалған және тиісті өзекті ұсыныстар берілген сараптамалық баяндама әзірлеуі керек. Осы мәселеге қатысты ғылыми-зерттеулерге баса назар аудару қажет, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы салалық министрліктерден, Мемлекеттік басқару академиясынан дәл осы саладағы ғылыми-талдау жұмыстарының сапасын және практикалық тиімділігін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар күтетінін де айтты.

Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында айтылған нақты міндеттер – осы. Бес басымдықты айтып, бес саусақтай жұмылып, жұдырық болғанда ғана алға қойған мақсат-мұратқа жетуге болатынын қадап айтты. Үкіметке де, Ассамблеяға да тиісті тапсыр­малар берілді. Оның барлығы біртұтас халық ретінде сынақтан сүрінбей шығу жолында атқарылатын ауқымды шаралар. Әділетті Қазақстанды сәтті құруда да Президент әр отандасына сенім артты.

– Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады. Біз бәріміз бір ел болып, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін еңбек етеміз. Ел бірлігін нығайту және Отанымызды өркендету – қасиетті парыз. Еліміз – бір! Халқымыз да – бір болсын! – деп аяқтады сөзін Мемлекет   басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button