Ресми

Қаржылық қадағалаудың тиімді тетігі

Экономикалық қылмыс көзге көрінбегенімен мемлекеттік жүйені әлсіретіп жіберерлік қатері бар. Қаржылық қарым-қатынас едәуір маңызды рөл атқаратын қазіргі күнде экономикалық қылмыспен барынша сауатты күресу барған сайын өзекті міндетке айналуда. Бұл үдерісте құзыреті кең экономикалық тергеу департаменті сынды мамандандырылған органдардың ықпалы елеулі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің майоры Қуат Ізбанов Қазақстан Республикасының қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі жүзеге асыратын қызмет турасында кеңінен баяндады.

Коллажды жасаған Е.Кеңесбекұлы

Президент пәрмені

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 28 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Рес­публикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі құрылды. Атау­лы Агенттікті құру қаржылық барлаудың тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес саласындағы жұмысты күшейту қажеттілігіне тікелей байланысты.

Агенттіктің миссиясы – қаржы және экономикалық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осы бірегей мұраты жолында агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жүзеге асыру, қызметтің осы бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру сынды мәні терең міндеттерді атқарады.

Агенттіктің құрылымы экономикалық тергеу қызметі және қаржылық барлау атты қос бөлімшеден тұрады. Экономикалық тергеу қызметі экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеумен айналысса, қаржылық барлау бөлімшесі қаражаттық операциялардың мониторингін жүзеге асырады және қызметтің осы бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді, шет мемлекеттердің құзіретті органдарымен өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жүзеге асырады. Өз құзіреті шегінде облыстардың әрқайсысында аумақтық экономикалық тергеу департаменті бар.

Департамент қызметі

Қаржы мониторингі Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Жергілікті құзіретті орган құрылымына екі тергеу және жедел басқару, штаб, сот-медициналық бөлім, талдамалық даму бөлімі және әкімшілік басқару бөлімдері кіреді. Жедел басқару мен талдамалық әзір­лемелер бөлімі экономикалық жә­не қаржылық құқық бұзушылықтардың ал­дын алумен, қылмыс түрін, сыр-сипатын анықтаумен, қандай да бір заң бұ­зушылықты ауыздықтаумен айналыса­ды. Ал, тергеу басқармалары аты айтып тұрғандай, күдік шақыратын істі егжей-тегжейлі тексеру амалдарымен айналысады. Сот-медициналық бөлімі дәлелдемелерді анықтау және бекіту үшін арнаулы зерттеулер жүргізеді. Штаб болса, бөлімшелердің қызметін үйлестіреді.

Өткен кезеңде…

– Салалық ведомство іс айналымында 81 іс тіркелсе, оның 55-і өндіріске қабылданып, нәтижесінде 42 іс сотқа жолданды. Ал, тергеу амалдарының нәтижесінде мемлекетке 639 миллион теңге қайтарылды, – деп мәлімдеді Қуат Ғалымұлы.

Қазақстан Орталық Азияда ірі экономикалық мүмкіндікке ие және мұнай, газ және металдардың ірі өндірушісі болып қана қоймай, энергетика, тау-кен өндірісі және туризм сияқты түрлі секторларға шетелдік инвестицияларды белсенді жұмылдырып келеді. Ал, Ұлттық қоры – әлемдегі ең ірі тәуелсіз қорлардың бірі. Сондықтан, мұндай қаражат ағынын сауатты үйлестіріп, заңсыздыққа жол бермеу – әр өркениетті мемлекеттің міндеті.

Бұдан өзге

Департамент қылмыстық істерді қарастырудан басқа, құқық бұзушылық атаулысының алдын алу бойынша кешенді істермен қатар айналысады. Осы жұмыс шеңберінде экономикалық және қаржылық заң бұзушылыққа бағытталған «Байқа, пирамида», «АФМ-инсайдер» сияқты телеграм-боттар әзірленіп, іске қосылды. Бұл боттар арқылы елдегі әрбір азамат ақшасын қандай да бір компанияға салмас бұрын, сол компания туралы деректерді тексере алады. Осының арқасында былтыр елімізде 29 қаржы пирамидасы жойылып, желіде микрокредит берем деп алдайтын алаяқтардың саны 28 пайыз азайған.

Сондай-ақ, «АMАNАТ» партиясымен бірлесіп, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылу үстінде. Сондай-ақ, облыста кәсіпкерлер палатасымен «Бизнесті қорғау» жобасы аясында кәсіпкер керек кеңесін алатындай мүмкіндікке ие.

Керек кеңес

– Бүгінде виртуалды ғаламның адам айтқысыз ғаламат мүмкіндіктері тосын қауіп-қатерімен қоса келді. Ақшаңызды оңай жымқыр­ғысы келетін алаяқтар саны тіптен көбейді. Сондықтан, аталған жоба аясында халыққа, студенттерге және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары өткізіледі. Бұл ең алдымен қарапайым қаржылық сауатты арттырып, әмияныңызды көлденең кесірден сақтауға септеседі,– деп қосымшалады спикер.

Тыңдарман қатарында қар­жылық проблемалары бар қатысушылар, ірі алаяқтардың құрбандары, бұрынғы лудомандар мен банк борышкерлері бар. Халықтың қаржылық сауатсыздығына байланысты кең таралған мәселе – алаяқтықтың әртүрлі түрлерінің өсуі. Алаяқтар азаматтардың сенімі мен сауатсыздығын пайдаланып, оларды алдаудың және қылмыстық схемаларға тартудың жаңа тәсілдерін ойлап табады. Құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру – бұл өте ауқымды және уақытылы қызмет, халықтың қаржылық қиындықтарына көмектесетін және жеңілдететін әлеуметтік миссияның бір түрі.

Қорыта айтқанда, экономикалық тергеу департаменті қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және экономикалық қылмыстарға қарсы тұруда маңызды рөл атқарады. Оның тиімді қызметі қолайлы экономикалық ахуал құруға және мемлекет пен азаматтардың мүдделерін қорғауға игі ықпал етеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button