Білім

ҚарУ студенттері халықаралық чемпионатта топ жарды

Қазақстанның 50 жоғары оқу орны арасында өткізілген Enactus Kazakhstan National EXPO көрмесінде Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың Enactus Buketov University командасы топ жарып, Бас жүлдені иеленді.  


Аталмыш чемпионат – Enactus Kazakhstan халықаралық бағдарламасының қорытынды алаңы. Мұнда жас стартаперлер жыл бойы істеген әлеуметтік, экологиялық, экономикалық жобаларын қорғайды. Биылғы жылы ҚарУ студенттері коммерциялық бағытта екі экологиялық әлеуметтік жоба ұсынынған. Әуелі, қарағандылықтар «Өңде» жобасын ұсыныпты. Бұл жобада пластик пен әйнек қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жарату жолдарын көрсеткен. Ал, «Жиһаз» стартапында студенттер паллеттерден жиһаз жасау технологиясын игеріп, басқаларды үйретуді көздеген. 

– Бұл көптен күткен жеңіс. 13 жыл бойы біз жыл сайын студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар кубогына қатысамыз. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Биыл 50 жоғары оқу орны болды. Олардың төртеуі финалға жолдама алды. Бәсекелестер өте күшті. Олар чемпионатқа бірнеше рет қатысып қана қоймай, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Біздің команда жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті және жобаларды қорғау нәтижелері бойынша біз чемпион атандық, – дейді, экономика және Халықаралық бизнес кафедрасының меңгерушісі Жантай Жәнібек.

Enactus Buketov University командасы 2010 жылы құрылған. Бүгінде оның құрамына әр түрлі факультеттерден 14 студент кіреді. Ұлттық кубоктың жеңімпазы атанған Enactus Buketov University командасы Утрехт қаласында (Нидерланды) өтетін Enactus World Cup 2023 әлемдік кубогында Қазақстанның атынан қатысады. Бұл чемпионатта әлемнің 34 елінен үміткерлер бақ сынамақ.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button