Қарсылас шақ келтірмеді
Қарағанды қаласында бокстан “Сұңқар” спорт клубының ұйымдастыруымен Республикалық ашық турнир өтті. Онда 2011-2012, 2013-2014, 2015-2016 жылғы жас өспірімдер қатысып, бақ сынасты.
Аталған турнирде 11 салмақ дәрежесі бойынша 160-қа жуық былғары қолғап шебері өнер көрсетті.
Қарағанды қаласындағы спорт кубтарының тәрбиеленушілері де барын салып, шамасын байқатты.
Әріптесіміз “Ortalyq Qazaqstan” газетінің жауапты хатшысы Жәлел Шалқардың ұлы Нұрасыл Қуандық 26 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.
Ақтық сындағы қарсыласы оның жылдам әрі жойқын соққыларына төтеп бере алмай, бапкері екінші раундта уақытынан бұрын жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Нұрасыл – Майқұдықтағы “Жауынгер” спорт клубының тәрбиеленушісі. Бапкері – кәсіпқой боксшы, бокстан спорт шебері Нұрслан Сабыров.
– Турнир жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар мығым дайындықпен келген. Нұрасылдың біздің клубқа ауысқанына жарты жыл болды. Өте еңбекқор. Боксты жаны сүйеді. Рингте өзін жақсы сезінеді. Қойған тактиканы орындап, топ жарды. Талмай еңбектенсе, алысқа шабатыны аңғарылады. Оның солақай екенін атап өту керек. Сол қолының соққылары жойқын. Одан бөлек, өте жылдам қимылдайды. Нұрасылдан басқа клубымыздың 9 тәрбиеленушісі финалда өнер көрсетіп, екеуі бірінші орын алып, чемпион атанса, бесеуі екінші орын, екеуі үшінші орынға ие болды, – деп атап өтті Нұрслан Ділмұратұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, ұйымдастырушылар “Үздік боксшы”, “Жеңіске деген ынтасы үшін”, “Үздік техникасы үшін” және “Ең кіші қатысушы” атты номинациялар тағайындаған.
Нұрасыл өзінің ешкімге ұқсамайтын бокстасу тәсілімен “Үздік техникасы үшін” аталымын жеңіп алды.
– Боксқа 4-5 жасымнан қызыға бастадым. Алғашқы дәрісті әкемнен алдым. Әкем үйде үйрететін. Өсіп-қалыптасу үшін жүзу, акробатика, кикбокс, ММА, ушу-саньда, футбол сынды спорт түрлеріне қатыстым. Кейін 11 жасымда әкем GGG спорт кешеніне апарып, жаттықтырушы Ержан Мүсәпіровтің тәрбиесіне берді. Онда жарты жылдай дайындалып, “Жауынгер” клубына ауыстым. Алғашқы жарысымда Чемпион болғаныма қуаныштымын. Бапкерім Нұрслан ағайға ризамын. Енді тоқтамай еңбек етіп, көп биікті бағындырғым келеді, – дейді Нұрасыл Жәлелұлы.
Нұрасыл алғашқы жарысының өзінде танымал бапкерлердің көзіне түсіп, болашағынан үміт күттіретінін байқатты. Оның әлі талай шыңға шығуына бек сенеміз.
Ерік НАРЫН,
ortalyq.kz