Спорт

«Арманым – Көк туды желбірету»

Қарағанды дзюдо мектебі бүгінде республика көлемінде біршама танымал. Татамидегі талай тартыста бағы жанып, бас бәйге алған палуандар Максим Раков, Ержан Шынкеев, Ислам Бозбаевтар бұл сөзімізге дәйек. Десек те, шыңдалуды, одан әрі дамуды ешкім шегерген жоқ. Алдағы «Париж – 2024» Олимпиадасына дзюдодан дайындық қалай? Қазақстандықтардың жүлдеге ілігуіне мүмкіндік бар ма? Кешегі Португалияда өткен сайыста сап түзеп, күміс алған Жансай Смағұловтың бұл тұрғыда ойы қандай? Бірге білейік.

– Өткен сында үміт артқан жанкүйерлеріңізді жерге қаратпай күмістен алқа тағындыңыз. Қазақстандықтар оның ішінде, қарағандылықтар үшін мақтанып, мағмұрланар қуаныш. Енді осы қарағандылық дзюдо мектебінің тыныс-тіршілігі туралы бір ауыз айта кетсеңіз?

– Жалпы, 17 облыс пен үш ірі мегаполис арасында I-II орындағы мектептің бірі – Қарағанды дзюдо мектебі. Тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков – осы Қарағанды дзюдо мектебінің түлегі. Кеше ғана Астанада өткен дзюдодан жастар арасындағы ел біріншілігінде қарағандылықтар командалық есепте бас жүлдені еншілеп қайтты. Жекелей сайыста екі алтын, екі күміс, екі қола алды. Бұл – Қарағанды дзюдо мектебі деңгейінің көрсеткіші. Ал, спортшының еңбегін елейтін жанкүйері ол – отбасы мен қоғамы. Көп тудың ішінен Көк тудың көкке көтерілгені қандай ғажап?! Қашан да сол дәрежеге жету жолында аянып қалмау керектігін білеміз.

– Алматыда да күміс жүлде олжаладыңыз. Күміс те екінің біріне бұйырмайтын бақ. Алайда, алтынға адым қалдыңыз. Алтын алуға мүмкіндік болды ма?

– Иә, оныңыз рас, алтынға бір-ақ қадам қалған еді. 73 келі салмақта өзбек палуаны Обидхон Момоновтың тактикасын өздеріңіз де байқадыңыздар. Менің әдіс-айлам кем дей алмаймын. Бірақ, өткен соң өкіне алмаймыз. Басты себеп – бұдан бұрынғы жарыста алған аяғымның жарақаты. Оның үстіне, 8 ай жарыс жолына шықпағаным бар. Соған қарамастан мүмкіндіктер болды. Көрермен көзімен бірнеше мүмкіндік болған екен. Жарыс аяқталған соң бапкерлеріммен таспадан тамашалағанда қателіктерімді өзім де көрдім. Десек те, еш өкінбеймін. Сол өзбек палуанынан да алған тәжірибемді болашақта өзге қарсыластарыма қарсы пайдаланамын деп отырмын. Алда тағы кездесулер бар. Дайындықты одан әрі күшейтіп, тағы бір додада жолығуды асыға күтемін.

– «Париж – 2024» Олимпиадасына жолдама алдыңыз ба? Дайындық қалай? Оған дейін халықаралық жарыстар бар ма жоспарда?

– Олимпиада кез келген спортшының арманы ғой. Бағы мен бабы келіссе, әрине. Әр жарыстан алған ұпайлар жиналып жатыр. Оған рейтингті қосады. Осы жетістіктерді саралай отырып, Олимпиадаға жолдама беріледі. Дәл қазір «Барамын» немесе «Басқа барады» дей алмаймын. Дайындық пен спорттағы жетістіктердің барлығы сол Олимпиадаға жолдама алу үшін. Жалпы, қазақстандық құрама жуырда Ташкенттегі біріншілікке барады. Ал, мен наурыз айының 24- де Грузияның Тбилиси қаласында өтетін дүбірлі додаға қатысамын. Одан кейін мамыр айында Әлем чемпионатында күресетін боламын.

– 73 келі салмақта өзіңізге қарсылас болар әлем спортшыларын атап өте аласыз ба? Олардың кемшіліктері мен артықшылықтарын айта кетсеңіз?

– 73 келі – дзюдо күресіндегі ең мықты салмақ. Неге десеңіз, осы бір салмақта бірнеше әлем чемпиондары бар. Үш Олимпиада чемпионы бар. Ал, ең негізгі қарсылас деп күткендерім ол грузин Лаша Шавдатуашвили, әзірбайжан Хидаят Минаят оглы Гейдаров, моңғолиялық Цэнд-Очирын Цогтбаатар, бразилиялық Даниел Карнин және Канада өкілі Артур Маргелидон. Ал, бұл спортшылардың артықшылығы – дайындығы мығым. Қай сала болмасын тактика мен дайындық мығым болса және ол ұштала берсе, солғұрлым жеңіске жол ашыла береді. Кемшін тұстары бар деуге негіз жоқ. Дегенмен, көп спортшылар жарыста жеңіске жеткенде тым масайрап, көкірек керіп, өзімшілдікке жол береді. Спортшының ең басты жауы – ол қарсыласын менсінбеуі. Оны мойындамауы және онымен санаспауы. Қарапайым белдесуде сіз қарсыласты менсінбегендіктен оның іс-қимылын немесе аяқ астынан жасалған әдісін күтпейсіз. Міне, осы сәтте жеңіс қолдан сусып кетеді. Негізі, күрестің қай түрі болмасын қазаққа жат емес. Түбі бір бәрінің. Күрес деген аты бар. Сондықтан, болашақта чемпиондар осы біздің елден шығады дегім келеді. Ең бастысы – татамидегі тартыста жарақат алмау. Жеңіс біздің қанда бар.

– Сұхбатыңызға мың алғыс. Әлемдік сында атыңыз алтын тұғырдан алыстамасын!

Сұхбаттасқан Жан АМАНТАЙ.

 Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button