Арманға жетелеген орталық
Ж.Бектұров атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «БОТА» интеллектуалдық орталығының 23 жылдығына орай, «БОТА жастарды шақырады» атты фестиваль өтті.
Жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, бос уақытын тиімді пайдаланып, білімдерін жан-жақты дамыту мақсатында құрылған «БОТА» клубы 1998 жылы интеллектуалдық орталыққа айналды. Мұнда ойы ұшқыр, білімді, арманы асқақ, жігерлі де талапты жастар жиналған. «БОТА» – кітапхананың руханият ордасы. Өйткені, орталықтың 23 жыл ішінде жүргізген жан-жақты жұмыс әдістеріне Қазақстанның кітапханашылар қауымдастығы және ТМД елдеріндегі кітапханашылар қызығушылық танытып, бүгінде өз жұмыстарына үлгі ретінде қолданып жүр. Осы орталық жастарының ұсынысымен кітапханаға жазушы Жайық Бектұровтың есімі берілген еді.
Орталықтың құрылуына сол кездегі кітапхананың қазақ әдебиеті және өлкетану бөлімінің меңгерушісі Жадыра Жұмай, директордың орынбасары Рашида Меллятова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенді мүшесі Ерлан Төлеутай және журналист Мартбек Тоқмырза ұйытқы болған. Содан бері орталықтан талай өнерлі жастар – әншілер, журналистер мен талантты ақындар түлеп ұшты.
Кітапхана қызметкерлері мен жастар ұйымдастырған аталмыш фестиваль жоғары деңгейде өтті. Жас ақындар Ерік Нарын мен Бек Ноғайбайұлы өз естеліктерін айтып, шара шымылдығын түрді. Кітапхана басшысы Нұргүл Қаленова сөз сөйлеп, көпшілікті атаулы күн қуанышымен құттықтады. Жергілікті ақындардың өлеңдері оқылып, халық әндері орындалды. Күмбірлете күй шертіліп, мың бұрала би биленді. Жас шайырлар Жоламан Айткен мен Ақерке Әбдікәрім «Жыр-Жауһар» поэзия клубы мен «Ұлағат» шығармашыл жастар орталығының құттықтау хаттарын оқып, жырдан шашу шашты. Ақын Кәмшат Хасеннің «Көктем» атты өлеңі жанымызға көктемдей көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, Мартбек Тоқмырзаның сатиралық шығармасынан қойылған сахналық көрініс әсерлі болды. Сұрақ-жауап ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелікке кітап сыйға тартылды.
Кеш соңында орындалған жас сазгер Ерғали Манаптың «Бота, Бота» әні көпшілікті ерекше сезімге бөледі.
Жәлел ШАЛҚАР