Ардагерлерге құрмет — ұрпаққа міндет

Елордамыздың мерейтойына орай, жер-жерде игі іс-шаралар бастау алған еді. Газеттің өткен сандарында назарларыңызға ұсындық. Ал, мына шараның жайы бір басқа.

Қан майданда қолдарына қару алып, кеудесін оққа тосқан батырларымыздың ерлігін ұмытпау – елдің келешегін ұлықтау. Ардагерлерді, тек, Ұлы Жеңіс күні ғана дәріптеп қоймай, әр мереке сайын құрмет көрсету қажет. Олар әбден лайықты. Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің аппараты мен ардагерлер кеңесі мұны ескеріпті.

Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының 42 ардагері тұрады. Соғыс ардагерлері жеңіспен елге оралғаннан кейін тау-кен ісіне араласып, жауынгерлік ордендерін көптеген еңбек наградаларымен толықтырды. Нақтылай кетейік…

Олардың бірі – Қапас Түсіпов. Ол ғасырлық еңбек өтілі бар кеншілер әулетінен шыққан. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Әбушахма Бекбалақов 104 жасында өмірден озды. Ерен еңбегінің арқасында партком хатшысы, бас инженер қызметін атқарып жүріп, Қарағанды көмір шахтасының директоры болды. Ардагер арадан кеткелі – жарты жыл.

 Соғыс және еңбек ардагерлері – Николай Гаврилов пен Иван Давиденко – «Құрметті шахтер», Владимир Райко «Шахтер даңқы» төсбелгілеріне ие болған. Павел Оленченко – тау-кен өндірісінің һас маманы. 20 жылдан аса уақыт Қарағандының Горбачев атындағы шахтасында еңбек еткен. Әріптестерінің арасында құрметке ие болған.

Андрей Кулик – 30 жыл «Карагандашахтоосушение» тресінде еңбек атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан. 17 шілде күні ардагер 91 жасқа толады. Аудандық әкімдік қызметкерлері мен «Ригер» ЖШС ұйымы демеушілік жасап, жылдағы үрдіс бойынша жаңа жасымен құттықтамақшы.

 Көзсіз батырлығымен қоса, елдің өнеркәсібіне өз үлесін қосып, сара жол қалыптастырған саңлақтарымыз қаншама. Қазыбек би ауданының әкімі Т.Шатохина ардагерлерге мерекелік сыйлық табыстап, құттықтау білдірді. Ал, ардагерлер болса марқайып, бір жасап қалды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.